Ашық аспан астындағы жәрмеңке
Қарағандының Орталық саябағында Жастар апталығына орай әлеуметтік жәрмеңке ұйымдастырылды.
Қала тұрғындары серуендеп жүріп-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, олардың берген мардымды жауаптарына алғыстарын білдіруде.
– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Халықаралық Жастар күні қарсаңында 7-12 тамыз аралығын Жастар апталығы деп жариялаған болатын. Әлеуметтік жәрмеңке осы бастамаға орай ұйымдастырылып отыр. Балалар мен жасөспірімдер клубтары, “Жасыл ел” жобасы, ҮЕҰ үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар, Қарағанды әкімінің гранттары тағы да басқа атқарылып жатқан осындай ілкімді істердің барлығы жастар үшін, – дейді қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.
Еркін форматта өткен аталмыш жәрмеңкеге мемлекеттік органдардың, полиция мен прокуратураның өкілдері, жеке сот орындаушылары қатысуда. Кез келген адам келіп, өздерін толғандыратын мәселелер бойынша ауызша сұрақтарын қойып, жүгіне алады.
Сонымен қатар, аталмыш жәрмеңкеде өз жұмыстарының нәтижелерін қала әкімінің грант иегерлері де ұсынды.
Мысалы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, PhD докторы Арайлым Серікбай қала әкімінің грантына білім беру орталығын ашқан. Микробиологиямен 12 жылдан астам уақыт бойы айналысқан ол жиналғандарға бизнесті ғылыммен қалай ұштастыру керектігі жөнінде білгенімен бөлісті.
Сондай-ақ, Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша грант алып, үйде тігінмен айналысып отырған көпбалалы аналар да жәрмеңкеге арнайы шақырылды.
– Мен әрқашан халық үніне құлақ асатын мемлекеттік тұжырымдаманың жүйелі жұмыс істейтініне қуанамын. Мұндай жәрмеңкелер қажет. Мемлекеттік қызметкерлер тұрғындармен өз кабинеттерінде емес, осындай қоғамдық қолжетімді кеңістіктерде кездессе нұр үстіне нұр, – дейді қоғам қайраткері, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Нияз Сүндіталиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жылы осындай жәрмеңке 11-ші мәрте өтуде. Әр уақытта түрлі орындар таңдалуда. Келесі әлеуметтік жәрмеңке Әлихан Бөкейхан ауданынының Майқұдық саябағында ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz