Мәселе

Қашан кірем мүшелге, қашан шығам?

«Он үште отау иесі» демекші, қазақтың дүниетанымында әр мүшелдің өз мәні бар. 25 жасты адамның қайрат-жігері тасыған жас деп есептейді. Мүшелге мән беріп, оның философиясын терең түсінуге тырысады. Алайда, кейінгі кездері мүшел жасқа байланысты пікір қайшылығы пайда болды. Бірі «24-те кіріп, 25-те шығасың» десе, енді бірі «37-де мүшелге кіріп, 38-де шығасың» дейді. Оның үстіне, заман ағымына байланысты кей мүшел жөніндегі түсінікті өзгертуді қалайды. Сан ғасырлардан бері қазақ өмірінің маңызды тарауына айналған ұғымға деген түрлі көзқарасты байқап, қолға қалам алдық.

Редакцияға газеттің әр нөмірін қалт жібермей оқитын оқырмандар мүшелге жасы, уақыты мен шығу мезгілін газет бетінде қаузауды сұрап хабарласты. Олар бабалар танымының бұрмаланып бара жатқанына алаңдаулы.

Абат Кенжеғалиұлының «Ұлы Дала ұлағаты» кітабын ақтарып отырып, 36-бетінде мынадай дерекке кез келдік.

«Мүшел – жай ғана жыл мен ай санау құралы ғана емес, қоғамның шаруашылық-экономикалық, саяси, рухани және мәдени өмірін реттеп отырған. Бірінші мүшел – 12, әрі қарай 24, 36, 48, 60, 72, 84 тағы сол сияқты болып жалғасады. Бірақ, қазақтар шарананың ана жатырындағы уақытын да бір жылға санап, бірінші мүшелді 13-те атайды да, әрі қарай 13, 25, 37, 49, 61 және сол сияқты жалғастырады. Сөйтіп, ер адам мысалы, 1990 жылдың 5 мамыры күні туған болса, ол 2002 жылдың 4 мамырында 12 жасқа толады. Ал, ертеңіне 5 мамырдан бастап, оның өмірінің 13-ші жылы басталады. Демек, адамдар 12 жастан 13 жасқа дейін мүшел жасында болады. Әрі қарай да солай. Бірінші мүшел – 12-ден 13-ке дейін, екінші мүшел – 24-тен 25-ке дейін, үшінші мүшел 36-дан 37-ге дейін болып жалғаса береді» делінген.

Қазақ есебінде адам өмірінің әр 12 жылында бір мүшел айналып келіп отырады. Бірінші мүшел 13 жылда қайырылса, қалған мүшелдер 12 жылдан қайырылып отырады. Мәселен, жүзден асып жығылған адамның мүшел жасы 9 рет айналып келеді.

Қазақ әдеби тілінде жүзден асып, яғни тоғызыншы мүшелді толық жасаған қарияны «арда ата», «ақ ата», «ару ата», «киелі ата» деп атайды. Осындай жасқа толған ананы «кейуана», «ақ апа», «әулие апа» деп атайды.

Ал, бір мүшелге толған ұлды «қозы жасқа толды», «қозыбағар болды» деп мойнына міндет артады. «Он үште отау иесі» деген осыдан шықса керек. Бір мүшелге толған қыз баланы «ошақ ұстар», «ожау қағар», «қазан қайнатар» жасқа толды деп есептейді.

Астрономия ғылымы бойынша, әрбір 12 жылда Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады. Адамның мүшел жасы да әрбір он екі жыл сайын кіреді. Бабалар мұнда да бір байланыс бар деп есептеген. Халық даналығының бұл санағы дұрыс екенін ғылым да мойындайды. Өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі бірден-бір оңай есептік жүйе.

«Мүшел жас 13, 25, 37, 49 дегендіктен, мүшелге осы жаста кіреді деп ойлаймын. 13-те кіріп, 14-те шығатын болуы керек. Өйт­кені, ғаламторда ютуб желісінде көбіне осылай жазылып тұрады. Сонымен қатар, мүшел жас дегенде осы сандар миымызға сіңіп кеткен. Бірақ, әрі қарай тереңдетіп зерттеп көрмеппін», – дейді қала тұрғыны Жанат Тілеуберген.

Ел арасында мүшел жаста әр адам сақтанып, алыс, ауыр сапарларға шықпай, ауа райының қолайсыз кезінде абайлап жүруі керек деген ұғым бар. Мүшелдің жұп сан болмайтынын да атап өткен жөн.

– Мүшел жас туралы шариғатта арнаулы бір нақты қағидат жоқ. Бірақ, мүшел жас көнеден ұстанып келе жатқан салтымыз. Егер, ислам діні қандай да бір салт-дәстүр дін қағидатына қайшы келмесе, оны жоққа шығармайды. Алғашқы мүшелге, яғни 13 жасқа келгенде балиғат жасына толды деп есептейді. 25 жасты рушит жасы дейді. Бұл күшіне толды деген сөз. Ескерер жайт, мүшел жас ауыр болады, қауіп-қатерге толы болады, ұнататын киімін беру керек деген түсінік шариғатта жоқ. Өйткені, бүкіл жақсылық пен жамандықты беруші Жаратушы Алла Тағала ғой. Мүшелде болмаса да, адам кез келген уақытта қауіп-қатерге тап болуы мүмкін, – ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы Юсуф Шұғайұлы.

Ал, Қасымхан Бегмановтың «Халқы мықтының – салты мықты» кітабындағы «Мүшел жас немесе сандар сыры» тарауында мүшел жас пен жыл санаудың қазақта ғана емес, түркі халықтары мен Орта Азия елдерінің біразында кездесетінін айтады. Сонымен қатар, ең қауіптісі 37 жас, яғни, үшінші мүшелдің қауіпті екеніне тоқталған. Себебі, осы кезде адам отбасылы болып, жетістікке жетіп, ел көзіне көп түсетін көрінеді.

Шындығында, халқымыздың бұлай сақтануы негізсіз емес. Өйт­кені, ертедегі шығыстық ғылым адам ағзасында әр 12 жылда елеулі өзгерістер болатынын анықтаған.

«Мүшел жасқа шыққанда адам өзінің қимайтын бір затын жолдас-жорасына, тілеуін тілеп жүретін қарияға, құрбысына, болмаса ауылдағы дуалы ауызды адамға беріп, содан бата алған. Бұл рухани тұрғыда желпініп, сергек жүріп, өз өмір бағытын дұрыстау жолында жасалған іс. Қимайтын затын садақаға бергеннен кейін көңілі кеңейіп, сергіп қалады екен. Өзіне төнген қауіп-қатер, сыр­қат садақа беру арқылы кетеді деп сенген», – депті этнограф ғалым Болат Бопайұлы бір сұхбатында.

Оның айтуынша, мүшел жасқа толғанын кей адамдар жасырады екен. Не бір жас кемітіп, не арттырып айтатын көрінеді. Бұл «мүшел жастағы адамға тіл-көздің сұғы тиеді» деп ойлағаннан.

– Жыл қайыру, мүшел жас түсініктерінің тарихы тереңде. Алтай түркілерінен бастау алады. Ғылыми негізі бар. Өйткені, әр мүшелде адам организмінде түрлі өзгерістер болады. Адам мүшел жасқа жылымен кіріп, жылымен шығады. Мәселен, Барыс жылы туғандарды алайық. 1986 жылғылар үшінші мүшелден шықты. Өйткені, мүшел әр 12 жыл сайын айналып келіп отырады. Барыс жылы 2022 жылы наурызда кірсе, 2023 жылы наурыз­да шығады. Демек, Барыс жылы туғандар 2022 жылы наурызда 36 жаста мүшелге кіріп, 2023 жылдың наурызында 37 жасында шығады. Егер, 1986 Барыс жылы туғандар 38 жасында мүшелден шықса, онда жылы Қоян жылына өтіп кетеді. Сондықтан, Барыс жылы туғандар Барыс жылы шыққанда мүшелден қоса шығады. Шатастырмау қажет. Қазақша жыл қайыруды әр қазақ жақсы білуі керек, – дейді көпті көрген ел ағасы, «Төлеген» шаруа қожалығының иесі Қанат Сыздықанов.

Мінеки, пікір сан алуан. Зерделей келе, мүшелге нешеде неше жаста кіріп, неше жаста шығатыны туралы біраз дерекке қанық болдық. Қалай болғанда да, әр нәрсенің байы­бына барып қана, пікір айту керектігін ұқтық. Біз өмірдің тылсым жұмбақтарына құлшына үңілген сайын шексіз жаратылыс та бізге құшағын аша түседі екен…

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button