Руханият

«Ашамайға мінгізіп, ұл қызығын көргейсің»

Әу бастан қазақ халқы жылқы малына ерекше көңіл бөлген. Жеті қазынаның бірі ретінде қадірлеп, «Ат-ер қанаты» деп ерекше бағалаған. Ес білген ер балаларын алғаш атқа мінгізуінің өзін ерекше сәнсалтанатымен, жөн-жоралғысымен атап өткен. Халқымыздың ертеден келе жатқан тағылымды бұл дәстүрі «Ашамайға мінгізу» деп аталады.

Баланы ашамайға мінгізуге көбіне тай, құнан таңдалады. Арнайы қайың ағашынан ердің қарапайым түрі ашамай жасалады. Ашамайдың алдыңғы және артқы қасындағы екі тесік арқылы, иілгіш бұтақтан жасалған қапталын өткізеді. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, үзеңгінің орнына қоржын секілді киізден тігілген тепкішек болады. Ол баланың аяғы тоңып қалмас үшін жасалған. Жабағы жүннен жасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да баланыкі болғандықтан көз тартатындай әдемілейді. Ашамай үстіне салынған ат көрпе де балаға лайықтап тігілген.

Алдымен, ата-анасы ер балаға атап берілген «бәсіре тайын» немесе басқа жылқыны таңдап, дайындайды. Мінезі мен түр-тұрпатына ерекше мән берген. Он­дағысы жылқы мінезді, бабына бағы келіскен азамат болсын деп ырымдайды. Баласының сәбилік шақтан өтіп, ер жеткен кезеңге алғаш басқан қадамын салтанатпен атап өткен. Балаға оюлы шапан, үкілі бөрік кигізген. Әрі баланы атқа қондырып, ашамайға отырғызған тұста, ауылдың жасы үлкен данагөй қариясы келіп:

Ал, ақ тілек, ақ тілек,

Атқа тоқым сал білек,

Атқа да жақсы шаба біл,

Жасыңнан малды баға біл,

Өнеге, өнер таба біл,

Аймағыңа жаға біл,

Атқа міндің, ақжол болсын,- деп бата береді.

Ер-азаматтың жолында кездесетін қиындықтарға қажымай, кедергілерден сүрінбей, шауып өтуіне жиналған жұрт тілекші болып тұрады.

«Арғымақ атқа міндім деп, артқы топтан адаспа» деп, бала мінген жылқы жүгенінің тізгінін шабандоз, жөн-жосықты білетін ел арасында беделі бар, епті, есті жас азаматқа ұсынады. Өзіне жүктелген абыройлы міндетті жауапкершілікпен атқаруға бекінген тізгінші ауылды аралатады. «Бәленшенің баласы бүгін «ашамайға мінген екен» дегенді естіген ауыл тұрғындары, шашу шашып, көз тимесін деп баланың шапанына үкі, шашақ тағып, күміс теңге байлайды. Ат жалын тартып, ашамайға қонған ер баланың өмірі тек қуанышқа толы болсын деп шашу шашса, «Пәле-жаладан сақтасын» деп үкі тағып, «Айдарлы бала едің, енді айбарлы бала болдың, дәрежең арта берсін» деп, шашақ тағады. Бойың күдік-күмәннан ада болсын, «алтын – сәнге, күміс – емге» деген ниетпен күміс теңге байлайды. Әрі ашамайдың да қарапайым болатындығы «Бұл сенің алғашқы қадамың, әрі қарайғы ер балаға тән іс-әрекетің бойыңды ғана өсірмей, ойыңды өсіріп, рухани кемелденуің, күміспен күптелген ер салынған, арғымақ аттың үстінде жүруің өз қолыңда» дегенді топшылайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудың бастамасы болған еді. Осы орайда, Қарқаралы қаласының тұрғыны, ерлі-зайыпты Ержан Есов пен Света Смағұлова балалары Нұрәлиді қазақы жөн-жоралғыны ұстана отырып, ашамайға мінгізген екен.

– Бұл дәстүрді естігеніміз болмаса, қалай орындалатынынан хабарсыз едік. Баламыз мұсылмандық міндетін орындағаннан кейін, неге осы ұмыт болып бара жатқан дәстүрді жаңғыртпасқа деген ойға қалдық. Үлкендерден естігеніміз бар, әрі ақпарат көздерін пайдалана отырып, осы бір салтты орындап шықтық. Әулет үлкендері бата беріп, әжелері шашу шашып, жақсы тілектер айтты. Әкесі аттың тізгінін өз қолына алды. Бастапқыда, қызық болғаны рас. Бірақ, енді ғана жан-жағына жіті көз салып, ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғынып келе жатқан баламызға бізден көрі үлкен әсер қалдырды. Атқа алғаш отырғандыкі ме, кәдімгідей бойын жинақтап, қолына қамшыны алып, еңсесін тік ұстады. Сол кезде көзінен бір мақтаныш ұшқыны мен бойынан сенімділікті байқап қалдым. Бұл сәт біздің отбасы мен баламның есінде мәңгі сақталатын тарихи сәт болды – дейді анасы Света.

Иә… Бұл оқиға әлеуметтік желіге де салынып, көпшіліктің қолдауына ие болған еді.

Бүгінде бұл дәстүрді орындайтындар қатары некен-саяқ. Біраз адамдардан сұрағанымызда көргені болмаса, өздері орындамағандықтарын айтып жатты. Қазақы құндылықтарды сақтап, дәріптеуді қандастарымыз алдыңғы орынға қоятынын білеміз. Осы орайда, Қытай елінен ата жұртқа қоныс аударған Сламбек Қинаятпен пікірлескен едік.

– Мен бұл салтты бала күнімде өзі көзіммен көрдім. Ашамайға мінгізудің көшпелі ғұрыпқа тікелей қатысы бар. Яғни, көшіп-қонып, ұзақ жол жүрер сәтте сәбилік кезеңнен өткен, атқа отыруға жарайды деген баланы құндақтаулы-құрсаулы ашамайға отырғызады. Яғни, ұзақ жолда бала шаршамасын, егер ұйқысы келсе, жан-жағындағы құндағы оны құлатпай ұстап тұрады.

«Мықтап тарт ашамайдың қолтырмайын,

Жас бала жол үстінде болдырмасын» дегені осыған келіп саяды. Кез келген көңіл қуантарлық сәтті жақсылыққа балайтын қазақ халқы үшін, әрине баласының алғаш атқа отыруы үлкен қуаныш. Қазақ халқының кез келген салтдәстүрі күнделікті тұрмыс тіршілігімен біте қайнасқан әрі тәрбиелік мәні де зор. Мен көрген салт та ерекше аталып өтті. Ашамайдағы қомдық ағаштың ортасында отырған баланы сән-салтанатымен киіндіреді. Баланың жолы ақ болсын деген ырыммен аттың кекіліне ақ шүберек байлап қояды. Әрі ол жол бойында кездескен адамның да ерекше назарын аудартады. «Атқа жаңа мінген бала екен ғой» деп, аты үрікпесін деп шалт қимылдан қорғайды. Ауыл аралай жүріп бата -тілекті бойына сіңірген баланың алған тәтті-дәмдісі де мол болады. Оны қоржын түрінде жасалған тепкішекке салып отырады,– дейді Сламбек аға.

Атқа міну – спорт әрі өнер. Әсіресе, баланы жасынан атқа мінуге тәрбиелеу, оның физиологиялық тұрғыдан дұрыс жетілуіне үлкен әсер етеді. Төрт түліктің патшасы атанған жылқының бойындағы өзгеше мейірім мен махаббат, төзімділік пен батылдық, адалдық, намыс, тектілік деген қасиеттерді бала жасынан бойына сіңіріп өссе, адамшылық бағытынан айнымайды екен. Ашамайға мінгізіп ырымдаудың астарында осы бір жайттар жатса керек…

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button