Басты тақырыпРуханият

Ас ішуден әрі аспай қалмайық

Биыл Қарағанды жұртшылығы Қаздауысты Қазыбекке арнап ас беріп, ғылыми конференция өткізгелі жатыр деген хабарды естіп, тыныш отыра алмадым. Кезінде бабамызға арнап ғылыми-көркем еңбек жазғанымды ел ұмытпаған болар. Ол кітапта ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ тарихы жүйеленді, бабамыздың сөзі түгелдей жиналды, туған-өлген жылдары анықталды, бірақ, бір жағы асығыстықтан, екінші жағынан кейбір деректің уақытылы қолға түспеуіне байланысты аса маңызды бір-екі мәселе нақтыланбай қалып еді.

Біріншіден, Қаздауысты Қазыбектің “Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз» деп басталатын толғауы 18 жасында емес, 78 жасында, 1743 жылы Қалдан Серен қолынан Абылайды босатуға барғанда айтылған. Бұл ондаған жылдарға созылған қазақ пен қалмақтың жаугершілігін ауыздықтап, екі елдің бейбіт қарым-қатынасын бастап берген кездесу болды.

Сен қалмақ та, біз қазақ,

Қарпысқалы келгенбіз.

Сен темір де, біз көмір,

Еріткелі келгенбіз,

Екі еліктің лағын,

Теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге,

Танысқалы келгенбіз.

Қазақ-қалмақ баласы,

Табысқалы келгенбіз.

Танысуға келмесең,

Шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан да, біз арыстан,

Алысқалы келгенбіз.

Жаңа үйреткен жас тұлпар,

Жарысқалы келгенбіз.

Тұтқыр сары желімбіз,

Жабысқалы келгенбіз.

Берсең жөндеп бітіміңді айт,

Бермесең дірілдемей жөніңді айт.

Не тұрысатын жеріңді айт! – деген сөзді өмірден көргені мен түйгені, жігері мен намысы, ақылы мен айласы жарасқан адам айтады. Қалдан Серен Әбілпейізді алып қалып, Абылайды босатты. Бұдан әрі Әбілпейіз өзінің бала-шағасымен, баққан малымен қалмақ арасында екі елдің бейбітшілігінің кепілі болып жүрмек. Абылай зор құрметпен елге оралды.

Екіншіден, қазақтың ауызша дәстүрінде көп айтылатын және жоғарыда келтірілген бабамыздың қасиетті сөздері айтылды дейтін елшілік 1683 жылы болды. 1681-1683 жылдары Жонғариядан аттанған Қалдан Бесоқтының немере інісі Сыбан Рабтан басқарған қалмақтың ірі әскері қазақтың оңтүстік бөлігін шапты. Осы жолғы шабуылдың кезінде тек қалалар ғана емес, оның маңындағы көшпелі ел де қиындық көрді. Сыбан Рабтан қазақтың мыңнан аса отбасын Іле бойында отырған Қонтажіге айдап әкелді. Қазақ шежіресі бұл жағдайды былайша түсіндіреді: “Бір жылдары қалмақ ханы Қоңтәжі қазақтың малын, малымен қоса ұлы мен қызын әкетеді. Ел “қызымызды күң, ұлымызды құл қылып отыра алмаймыз” деп соғысқа дайындалады. Сонда Тәуке хан “Алдымен елші жіберейік, жүз кісіні бастап қаракесек Келдібек қалмақтың ордасына барсын” дейді. Келдібектің шау тартып қалған кезі болса керек, өзімнің орныма балаларымның бірін жіберейін деп рұқсат сұрапты.

Сонымен, Тәуке хан Тайкелтір би бастаған елшілікке Келдібек баласы Қазыбекті де қосып жібереді. Қалмақ Ордасына (ұрға) келіп, Қонтәжімен кездескен уақытта елшіліктің басшысы Тайкелтір би асып айтпайтын кісі екен:

Өлеңді өзгеге бердік,

Өрлікті төменге бердік.

Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.

Берсең алдық,

Бермесең қалдық.

Сөзді өзіңе салдық! – деп, батып айта алмай, кібіртіктеп қалыпты дейді. Сонда Қазыбек есік жақта өзінің нөкер жігітінің жанында отыр еді, айналаға бір қарап, ешкім ештеңе демеген соң, орнынан атып тұрып, жанындағыларға:

Ерден ердің несі артық.

Ептестірген сөзі артық.

Малдан малдың несі артық,

Бір-ақ асым еті артық.

Жерден жердің несі артық,

Бір-ақ уыс шөбі артық.

Міндетіне алған сөзден,

Шегінген жігіттен,

Өлген аюдың өті артық, – деп өзін қайрап алып, Қоңтәжіге жетіп келіп, қарсы тұра қалып:

«Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат!», – деп сөз кезегін сұрап алып:

Ордың Жалғыз ағашына таңба

салғыздың,

О да сенің өнерің-ді.

Мұғалжардан тас алғыздың,

О да сенің өнерің-ді.

Ертістен темекі тартып,

ат суарттың,

О да сенің өнерің-ді.

Айналада алты хан бар еді,

Өзіңнен артық кім бар еді?

Қатты қарғысың болса,

Қайырлы жарылғасының бар еді,

Сол жарылғасыныңнан үміт қылып келдік! – деген екен. Бұл дерек 2005 жылы жарияланған Саққұлақ шежіресінен шықты. Бапан биден қалған әңгіме. Қаздауысты Қазыбек 93 жасқа келіп, қартайып отырғанда, атасы Бөгенбай батырдың тапсырмасымен сыбаға алып барған екен. «Мені «Қазыбек жұрттан асты» деп дәріптеуі осы ғана, бұдан басқа қазаққа түк келтіргенім жоқ», – деп отырады екен бабамыз. Бұл кездесу 1758 жылы болған. Алғашқы елшілікке барған 1688 жылы Қаз дауысты Қазыбек 18 жаста.

Ғылым бір орында тұрып қалса, ғылым болмайды. Әр он жылда тарих ғылымының да деректік қоры қайта жаңғырып жатады. Бұрын Әз Тәуке заманы туралы ауыз аша алмаушы едік, қазір Құдайға шүкір, бірталай әңгіме айтуға болады. Осы деректерге сүйеніп, Қаздауысты Қазыбек бабамызға арнап жазған кітабымыздың жаңа нұсқасын дайындап қойдық. Ұлы дүбір ас, алқалы ғылыми жиын алдында осы кітапты баспадан өткізіп алған дұрыс болар еді, әйтпесе, ас ішіп, аяқ босатуға қашанда дайынбыз ғой…

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының

докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button