ҚарЛаг һәм «Қара орамал»
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» кітабы негізінде «Қарағанды лагері – Қара орамал» атты оқырман конференциясы Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №4-ші кітапхана филиалында ұйымдастырылды.
Шараға №85 орта мектебінің 10 сынып оқушылары, Қарағанды қаласының теміржол колледжінің студенттері белсене қатысып, өнер көрсетті.
Танымдық шараға «АТОМ» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшесі, «Қара орамал» кітабының суреттерін салған қылқалам шебері Кәріпбек Күйіков, Қарағанды облысының білім беру ісінің құрметті қызметкері – Тілеуғалы Әміртаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы Аңғар Смағұл, ҚарЛаг мұражайының ғылыми қызметкері қатысты.
Іс-шара тоталитарлық жүйенің жендеттері жазықсыздан-жазықсыз қуғынға ұшыратып, қатыгездікпен жазаланған халқымыздың зиялы қауым өкілдеріне, жапа шеккен барлық қауымға рухани тағзым ету, сталиндік жүйенің зорлығы, өткен ғасырдың қасіретті кезеңі бейнеленген Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасын насихаттауды көздеді.
Шара барысында Гулаг лагерьлері, зұлмат ашаршылық туралы тарихы анықтама берілді. ҚарЛаг мұражайына онлайн саяхат жасалып, Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиеміне талдауы жасалды. Шараға қатысқан оқушылар шығарма тарауларын жатқа мәнерлеп оқыды.
Ашық микрофон алаңында шығарма туралы ойлар айтылып, сұрақтарға жауап берілді. «Заманның мұңды ескерткіші» атты кітап көрме-инсталляциясына шолу жасалды. К.Күйіковтің суреттер көрмесі оқырманға таныстырылды.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия Ұлттық университетінің II курс студенті