Бас тақырып

Ардагерлер ардақталды

Соғыс басталғанда 178 мың қазақстандық әскер қатарында болса, майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған. Еліміздің 500-ден астам жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Мыңдаған қазақ партизандық қозғалысқа белсене қатысып, тылда еңбек етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі мол» деген еді. Бүгінде елге аман-есен оралған ардагерлердің қатары сиреген. Қарағандыдағы «Ариста» салтанат сарайында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бастаған ел азаматтары Жеңістің 78 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тылда табанды тер төккен еңбек ардагерлерінің құрметіне мерекелік іс-шара ұйымдастырып, дастархан жайды.

Іс-шара басында о дүниелік болған ардагерлер бір минут үнсіздікпен еске алынып, бабалар рухына тағзым етілді.

– Құрметті ардагерлерімізді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!  Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген дана сөз бар. Бұл Жеңіс майдангерлердің ерен ерлігі мен қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің үлкен еңбегінің арқасында келді. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен жауынгерлерді мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Облыс әкімі атынан ардагерлерге гүл шоқтары тарту етілді.

Бүгінде облыста 13 соғыс ардагері мен 4027 тыл ардагері бар. Салтанатты шараға 30-ға жуық соғыс және тылда еңбек еткен ардагер қатысты. Олардың арасында 106 жастағы Тұмар Ысқақова да бар. Өмірлік серігі соғыста ерлікпен қаза тапқан. Еңбекке ерте аралсақан. Далада жұмыс істеп, мал да баққан. Ұлы Отан соғысы кезінде ауылдастарымен бірге майданға қажетті керек-жарақ жинап, сарбаздарға шұлықтар мен жылы киімдер тоқыпты. Бүгінде екі ұлдан төрт немере, сегіз шөбере сүйіп отыр. Жиынға қатысқан әрбір ардагер осындай өмір жолынан өткен қайсар жандар. Олардың өмірі үлгі-өнегеге толы.

Іс-шарада Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері әуелете ән шырқады, би ұжымдары мың бұрала би биледі. «Әлия» әніне шағын сахналық көрініс те көрсетті. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістер «На привале» театрландырылған музыкалық қойылымын ұсынды. Т.Бигелдинов атындағы республикалық  әскери мектебінің тәрбиеленушілері ардагерлерге тік тұрып, қызмет етті.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Қобжанов, облыстың ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин сөз сөйлеп, ардагерлерді Жеңістің 78 жылдығымен құттықтап, олардың ерлік істеріне тоқталды. Бүгінгі бейбіт әрі берекелі өміріміз сол жанкешті батырлардың көзсіз ерлігінің арқасы екенін тілге тиек етті.

Оралды Тұрсынұлы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Григорий Степенко мен Анна Котоваға  «Қарағанды облысының Құрметті ардагері» төсбелгісін табыстады.

– Мен барлығыңды жақсы көремін. Құшағыма сыйсаңдар, бәріңді құшақтап, беттеріңнен сүйер едім. Осы бейбіт күнді көру бізге бұйырды.  Қазақстандықтар соғыста асқан ерлік көрсетті. Жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосты. Қанға сіңген патриотизм мен асқақ рух соғыста да медет болды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Көрсетіп жатқан құрметтеріңе мың алғыс, – деді Григорий Потрович.

Еңбек ардагері Әзімбек Кәрімов ақсақал соғыс кезіндегі басынан кешкен оқиғаларымен бөлісіп, сөзін салиқалы батамен тұздықтады. Еңбек ардагері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Сағадат Дүйсебеков көпшілікті Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, ардагерлерге зор денсаулық тіледі. Басқа да ардагерлер өз естелігімен бөлісті, әнді қосыла шырқап, би де биледі.

Н.Әбдіров атындағы орта мектептің «Жас сарбаз» сыныбы оқушылары қазақ және орыс тілінде ант берді. «Әсел» воколды ансамблі «Бақытты болашақ» әнін шырқады. Ән айтылып жатқанда оқушылар ардагерлерге гүл сыйлады.  Әннің финалында балалар хормен «Жеңіс үшін рахмет!» дегенде өне-бойымыз шымырлап қоя берді.

Салтанатты жиын «Мерей» ансамблінің орындауындағы «День победы» әнімен мәресіне жетті.

          Жәлел ШАЛҚАР,

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button