Бас тақырып

Қара тақтада қасиет бар

Мағаш ағамның ғұмыры жұрттың жоғын түгендеумен өтті. Әсіресе, алдыңғы буын ағаларының артынан алаңдап отыратын. «Есімдерін ел ұмытпаса екен» дейтін. Жанында жүрген жеті жылда көрдік, ал, білмейтініміз қанша десеңізші?! Бар қызметін тізіп көрсетуге газеттің беті мүмкіндік бермейді. Тек, белгілі қаламгер Рамазан САҒЫМБЕКОВТІҢ есімі мектепке берілуіне ықпал етіп, шәкіртақы тағайындағанын, Рымқұл СҮЛЕЙМЕНОВКЕ тұрған үйінде тақта орнатқанын ғана айтып өтелік.

Өзінің ісімен өнеге көрсетіп кетті. «Біздікі – жаңалық емес, тек көргенімізді қайталау» деген қолыңыздағы газеттің қазіргі Бас редакторы Ерсін МҰСАБЕКТІҢ сөзі бұл әңгімемізді қуаттай түседі.

Бейсенбі күні газетіміздің бұрынғы Бас редакторы, қаламгер Мағауия СЕМБАЙ қырық жыл түтін түтеткен үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Мағауия Сембай есімін ұлықтау мақсатында «Saryarqa aqparat» медиахолдингіне қарасты облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің редакциясы ауыз толтырып айтарлықтай шаруаның басын қайырып келеді. Мағаш ағамыз мәңгілік мекеніне аттанған бір жарым жыл ішінде марқұмның атындағы шығармашылық байқаудың тұсауы кесілді. Замандастар естеліктері мен марқұмның қаламынан туған дүниелері топтасқан қос жинақ оқырманға жол тартты. Рухани мұрасы облыстық мұрағат қорына тапсырылып, ғылыми айналымға түсті. ҚарУ студентінің дипломдық жұмысына өзек болды. Міне, бүгінде марқұм 1979-2019 жылдары тұрған үйде ескерткіш тақтаның ашылуына куә болған жайымыз бар.

Тақтаның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған руханият жанашыры Рымбала Омарбекова Мағауия Сланбекұлының биік кісілік тұлғасына лайықты баға беріп өтті.

Мағауды Қарқаралының зәулім қарағайларына теңеймін. Қарқаралы жұрты қарағайымен мақтанса, мен сол Қарқаралыдан шыққан Мағауыммен мақтанамын. Мінезімен, адамгершілік қасиетімен ел алдындағы еңсесі биік болды. Қоғам өміріне белсене араласып, артында өшпес із қалдырды. Аймақ шежіресіне есімі алтын әріптермен жазылған тұлғалардың бірі осы бауырым еді, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Сондай-ақ, осы жерде аймақ журналистикасының ардагері, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Аман Жанғожин Мәкеңмен қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.

Достық ұғымы – Мағаш ағамыз үшін қастерлі ұғым болатын. Оймақтай «Ой-тамызықтарының» дені осы достыққа арналды. Ақкөйлек, адал достары көп болды. Солардың біразы салтанатты рәсімнің ортасынан табылды. Аққорада балалық бал дәуренді бірге өткізген кластасы Еркін Өкімбаев Алматыдан ат арытып жетті. Сол Аққорадан қанаттанған кластастарының тағы бір шоғырын мемлекеттік қызмет ардагері Ниқанбай Омарханов бастап келді. Айнала тұрған ел алдында шуаққа, ұлағатқа толы әңгіменің тиегін ағытты.

Тақта орнату ісіне жан-жақты қолдау білдірген «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің Директоры Қамбар Ахмет бұл іс-шаралар «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдық мерейтойына орайластырылып отырғанын айтты.

Осы жылдар ішінде Мағаш ағамыз бен «Ortalyq Qazaqstan» газеті егіз ұғымға айналды. Биыл – сол Мәкең қастер тұтқан газетке 90 жыл. Мерейтой аясында ауқымды жоспар түзілді. Жоспардың үлкен бөлігі ардагерлерді ұлықтауға арналып отыр. Тақтаның ашылуы – жоспар аясындағы ілкімді істің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі көрініс табады, – деді Қамбар Жұмағалиұлы.

Салтанатты шарада Мағаш ағаның жары Мейраш Ұзақбайқызы, қызы Айнұр, апалары – Тұрсын, Қойсын және Мағия, әріптесі Сағат Батырхан, туған-туыстары ортадан ойып орын алды. Тұрсын Сланбекқызы апайымыз бауырға деген сағынышын жеткізіп, игі шаруаға ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.

Қара жамылған қарашаның ызғары жүрегін тіліп өткенде Алаштың аймаңдай ақыны Абзал Бөкен күңірене аза жырын оқып еді…

«Мағаш өтті дүниеден…

Елпілдеген баладай,

Еркелігі тарамай.

Ойы бейне боз шыбық,

Бойы бейне қарағай.

Қарағайдай қарағым,

Күйік шалып балағын

Кетті-ау артқа қарамай.

Жақсым өтті дүниеден,

Ақ шың өтті дүниеден:

Ондағы орны – қос құлаш,

Мұндағы орны – даладай…» деп боздады шайыр…

Иә, орнымен бірге пейілі де даладай қаламгер енді қабырғадағы қара тақтадан ғана жымия қарап тұрады бізге…

Қара тақтада қасиет те, қасірет те бар…

Рухы шат болсын!

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button