Жаңалықтар

Қара нар

Кеңес кезеңінде Бесінші ауыл аталған, қазіргі батыр Нұркен атындағы ауылдың «Ханқашты» жер телімін мекен еткен Нілдібай бай – Бөргөз руының беделді ұлдарының бірі болған. Жан-жақты, көзі тірісінде еліне, оның ішінде, алыс-жақын туыстарына бас болып, қамқор болған жан.

Сегіздің бірі – Дуалының Мөжігінің Қарқас дейтін қызы Сарым-Өтеміс-Тоқсаннан өрбіген, Жәмші өзені маңын жайлаған Жайлыға тұрмысқа шығып, кейін аралары бір-бір жасар, үйелмелі-сүйелмелі 5 ұлымен жесір қалады. Үпір-шүпір жетімдер – Әбдір, Әбдікеш, Нұрлыбек, Қарсыбек, Жасыбектердің күнкөрісі өте қиын халде екенін, Жайлының жетімдерге қарайласар емшектес жанашыр туысы жоқтығын Нілдібай біліп жүреді де, кейін Қарқасты балаларымен атамекені «Ханқаштыға» көшіріп алады (А.Әрінов, «Атақоныс – Арқадағы шежірелі Қарқаралы»).

Ересектері – Әбдір мен Әбдікеш Нілдібайдың қолында болады. Әбдірге «басын құрап, адам болып кетсін» деп Жарас Айнабайдың Бағым (Бағжан – авт.) деген қызын әпереді.

Нілдібай қатты ауырып, пәниден бақиға сапар шегетінін біліп, құдасы Аумаған қажыны шақырып, ақылдасады. «Менің мына Қарқас қарындасымнан қалған жиендерімнің үшеуі әркімдерге қолбала болып кетті. Енді Әбдір мен Әбдікештің мен олай-бұлай болып кетсем, болашақ күндері не болады? Әбдірге Айнабайдың қызын алып бергенімді білесіз. Одан қазір Сәрсен деген ұл бар. Ол да ертең ер жетер…», – десе керек.

Аумаған қажы біраз ойланып отырып: «Осы балалардың жағдайын елмен көршілес отырған 60 үйдің биі – Шорманбай біледі екен. Бір кездесуде «қолыма ұстап, көмек беретін адам керек еді, сіз Нілдібаймен ақылдасып, сол жиендерін әуелі құдай, екінші маған сеніп, алып беріңіз. Өзім көшіріп әкелейін» дегенін Нілдібайға жеткізеді де, «бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?» – дейді Аумаған қажы. Нілдібай: «Бұл өте дұрыс айтылған сөз екен. Шорманбай кісілігі бар азамат қой, ел ағасы. Олай болса, әзірге, мен тірі жатқанда бұл ойыңды іске асыр», – дейді.

Шорманбай «Шоқпартас» деген күзегіне жайлаудан ертерек келіп, жылы үйдің жанындағы шошаласының төбесін жауып, күрделі жөндеуден өткізіп, Әбдірге үй етіп салып береді және Әбдірдің інісі Әбдікешке өзінің немере туысы Нұрмағамбеттің Кәкіш деген қызын қосып, басына үй тігіп беріп, отау етіп шығарады (Әбдікештің ұрпақтары бұл күндері Нұркен ауылында тұрады – авт.).

Нілдібайдың қамқорлығы арқасында ағайынды Әбдір мен Әбдікеш сенімді Шорманбай бидің отбасымен араласып, бір туысындай балалы-шағалы болған. Үлкен ұлы Сәрсеннен кейін 1917 жылы Сәдірбек, 1919 жылы Кеңес Одағының Батыры Нұркен дүниеге келіп, басқа да бала-шағасымен молшылыққа кенеледі.

Қамқоршы Нілдібай 1918 жылдың көктемінде ұлды болып, ұлының атын Мекежан қояды…

…1939 жылы әскер қатарында жүрген жиырма жастағы Мекежан фин соғысына қатысып, от пен оқтың ортасына түсіп, құрыштай шыңдалудан өтті. Әскери командирлер жас Мекежанға үлкен үмітпен қарап, оның болашақта үлгілі офицер болатынына сеніп жүретін. Алайда, Монаргейм ұрысында жарақат алған Мекең әскери қызметтен босап, елге қайтуға мәжбүр болады.

Балқаш қаласына ат басын тіреген жас жігітке жергілікті орган милиция бөлімінде қызмет атқаруға жолдама береді. Ол кез өте ауыр жылдар болатын. Ел ішіндегі баукеспе ұры-қарыларды айтпағанда, Ресейден, Украинадан жер аударылған, қашып-пысқан қатыгез қылмыскерлер де көп болатын. Сондықтан, милиция қатарында қызмет жасауға жолдама әркімге беріле бермейтін еді және ол қызмет екінің-бірінің қолынан келе де бермейтін.

Ауыл мектептерінен сауатын ашқан Мекежан кейін Алматыдағы милиция мектебіне түсіп, оны 1942 жылы аяқтап, Балқаш қаласында взвод командирі, паспорт столының бастығы болып қызметтер жасайды.

Мекең оперативтік дағдыларды тез меңгере бастайды. Бірде Балқаш қаласындағы қоймадан ұрлық жасалып, оқиға болған жерге барған Мекең фуфайканың үзілген түймесін тауып алады да, сол түймені салыстыра түріп, қылмыскерді моншадан ұстап алады.

Одан соң бес жылға жуық Тельман аудандық милициясында қызмет жасап, Жезқазған ауданындағы Кеңгір милициясы бөлімі бастығы қызметіне жоғарлатылады және қызмет жасай жүріп, Ресейдің Горький қаласындағы саяси қызметкерлер курсын тәмамдайды.

Осы Кеңгірде Мекең мен Кеңгір ауданының прокуроры Кәкен Есенбековтің үйлерінің есіктеріне сырттан келген «тың игерушілер» «Сендердің жер басып жүретін уақыттарың бітті» деген жазуы бар қоқан-лоққы хаттар жапсырып кетеді екен. Мекеңдер бұл қауіптің өздерінен гөрі, бала-шағаларына бағытталғанын біліп-сезіп жүріп, бәрібір халыққа қалтқысыз қызмет жасай береді.

Мекежан ақсақалдың өмірлік жары, ұрпағының анасы – Бибінұр анамыз басынан кешірген «сызды тарихты», сұрапыл жылдарды еске алып, өткен ғасырдың аяғында газет тілшісіне берген сұхбатында: «Біздің жұбайлық өміріміздің алашқы жылдары сергелдеңмен өтті» деген екен. Анамыздың сөзіне, сол кездегі екі жастың өмір тарихына үңілсеңіз, көз жеткізесіз. Қызмет басындағы көш-қонды айтпағанда, қызмет бабымен апталап, айлап іссапарға кету Мекеңдер үшін түк емес еді.

Мекең сапарға кеткенде үлпершедей болып үйінде қалған Серік атты ұлы қайтыс болып, хабар жетпеуі салдарынан, ұлына топырақ та сала алмай қалыпты.

1954 жылы Жезқазған түрмесінен қашқан бес баскесермен кездесуден соң, Мекеңдердің отбасына қайтып оралмауы қаупі тұрғаны бұл күндері айтуға ғана оңай. Осы сапарда жүргенде Мекеңнің Ермұқан атты ұлы қайтыс болып, Мекеңнің анасы ұлы сапардан келгенше немересінің мәйітін бөлмеге қойып, «келіні Бибінұр кірмесін, басында отырып егілмесін» деген ниетпен есікті құлыптап қояды. Ал, Бибінұр анамыз болса, енесі тысқа шығып кеткенде баласының мәйіті жатқан бөлменің есігінің саңылауынан сығалап, жылап-жылап алады екен. Ермұқан Мекеңдер жолдан оралған соң ғана жерленген. Ойланған жанға шейіт болған баласын көрші бөлмеге қойып, сапардан келетін жарын күткен анада одан артық қандай қасірет болуы мүмкін?! Ал, өмірдің сан алуан тауқыметін көзбен көрген Мекежан атамыздың анасының бар күйзелісі өзімен бірге кетті. Қазақ аналары осыншама мықты болар ма?!

Елге оралған соң Мекежан атамыз Егіндібұлақ пен Қарқаралы аудандарында паспорт столының, әскери-есеп бөлімінің бастығы, ОБХСС (социалистік меншікті талан-таражға салуға қарсы қызмет) инспекторы, аудандық милиция (РОМ) бөлімі бастығының орынбасары, РОМ бастығы қызметтерін атқарған.

Қаншама ауыртпалықтарды бастан кешірген, милиция қызметкерінің жары Бибінұр анамыз: «1957 жылы Егіндібұлаққа көшіп келген соң ғана адам сияқты өмір сүре бастадық» деген екен. Бұл сөз – анамыздың елге келіп, жақын-жұрағатпен қауышқан соң айтқан сөзі болар. Әйтпесе, милиция өмірінде рахат болған емес.

Мекежан атамыздың өзі қызметке қабылдап, тәрбиелеп өсірген інілері де арамызда көптеп саналады. Олардың үлкен тұрмақ, соңғы легінің өзі қазір отставкада.

Солардың бірі, отставкадағы полиция майоры Аманкелді Әлжанұлы тәлімгеріне деген әріптестік, інілік лебізін «…Марқұм Мекең ақсақал ғұмырында қазақ даласында болған қилы заманның куәсі болып, көп қиыншылықтарын өз басынан өткерген жан. Дүние жүзіндегі алғашқы социалистік мемлекеттің чекистік ұстанымын жүрегіне сіңіріп, сол адалдықты, шыншылдықты, тазалықты қызмет бабында ту қылып ұстай білген – чекист», – деп білдірді. Полиция ардагерлері, әріптестер Әлиасқар Әбеуов пен Жанат Қауымбековтің айтарлары да тартымды. Ұрпақтардың сабақтасып тоғысқан жолдары, еске алуға мейлінше жағымды, сағынышты да қызықты.

Әлиасқар қажы Әбеуов өзінің әкесі Қапанның Мекежан ақсақалмен әріптес болғанын мақтанышпен айта келіп, Мекеңнің барынша байсалды, салмақты адам болғанын, үнемі сыйласымды қызмет жасағандарын айтады.

«Бірде Мекежан ағам кабинетіме кіріп, әр нәрсені қозғап, әңгімелескен соң, маған бір парақ қағаз ұсынды. Қарасам, отставкаға шығу туралы өтініш. Ат-тонымды ала қаштым. «Болмайды» дедім. Оның басты себебі – үлкен ақсақалдар бар жерде үнемі сыйласымдық болады, жеке құрам ішінде тәртіп болады. Сыралғы ардагерлер жүрген жерде милиция қызметкерлері тәртіп бұза бермейді. Сол кезде Мекежан ақсақал сияқты ардагерлер арамызда қалмады десе де болар еді. Ой өрісі жоғары, тәжірибесі мол ағамыздың ғибраты жас қызметкерлерге әлі де керек еді. Содан, Мекежан ағам араға біраз уақыт салып, үшінші рет келді де, «енді мені босатыңдар, 48 жыл қызмет жасадым, ащысын да, тұщысын да көрдім, бала-шағам ер жетті, немере жетектеп, демалатын уақыт жетті, жастарға орын берейін, менің орныма даяр тұрған, өзім тәрбиелеген іні әріптестерім де бар» – деді және өз орнына Аманкелді Бабайбековты ұсынды. Мен әкемнің әріптесінің, өзімнің аға әріптесімнің үшінші рет келген жолын кеспей, өтінішке «қарсы емеспін» деп қол қойып бердім.

Бір жұмадай уақыт өткен соң, облыстық ІІБ бастығының кадр жөніндегі орынбасары А.Юрин телефон шалды да: «…Мен сенің өзіңді отставкаға жіберемін. Сен менімен ақылдаспай, неге Мекежан Нілдібайұлының өтінішіне қол қоясың?! Сен білесің бе ІІМ-нің кімнен айырылғалы отырғанын, бұл кісі отставкаға кетпей, арамызда жүре берсе, әлі де қаншама милиция қызметкерлерін тәрбиелейді, қартайып тұрған жоқ қой…» – деді.

Мен отставка жөнінде жоғарыға телефон соғып, келісіп алмағаныма іштей өкініп қалдым. Шындығына келгенде Мекежан ағам өзінің отставкасына белін бекем буғанына көзімді жеткізген еді. Жасымның кішілігіне байланысты әкемнің ардагер әріптесі уәжіне қарсы келе алмаған болатынмын.

Мекежан ақсақалдың органға әлі де қажеттігін барынша сезінген, мойындаған өзге ұлт өкілі А.Юринге риза болмай қайтесің?! Шындығында Мекежан ардагеріміз оны өнегелі қызметімен мойындатқан ғой.

Бұл өмірдің өзі көз алдыңа алып келген өмір шындығы еді. Мұндай тағдырлар қаламды бір сипағаннан шешілмеуі керек еді. Ал, ІІБ басшысы «замполит келіскен соң, мен де келістім» деп құтылыпты», – дейді Әлекең.

«Тағы да, – дейді Әлиасқар қажы, – Мекежан ақсақал өмірінің соңғы күндері өтіп жатқанын сезіп жүрсе керек, жұмыс орныма телефон шалып, «уақытың болса соғып кетерсің», – деді. Ардагер шақыруына уақыт таппай не көрініпті. Сол мезетте жеттім. Амандық-саулықтан соң, өткен күндерден біраз естеліктер айтылды. Сосын менің қызметке жаңа кірісіп жатқан шағымды есіне алып, маған айтқан бір сөзіне кешірім сұрады. Шындығы керек, ол кез менің де есіме түсті. Бірақ, Мекеңнің сөзіне ешқашан кек сақтаған емеспін. Сол жайды ақсақал есіне алып отыр. Мен ол туралы тіптен, ойланбауын өтіндім. Ақсақалымыз соншама жыл «Осы жігітті ренжітіп алдым-ау» деп ойлап жүрген ғой… Бұл – қазақи тәрбиелі азаматтың, көпті көрген нағыз қарияның, қарапайым кісіліктің көрінісі болса керек».

Отставкадағы подполковник Жанат Қауымбеков та Мекежан Нілдібаевтың әкесі Сәтбекпен әріптес болғанын, 1980 жылдары ішкі істер органдарына қызметке келгенде өзін кабинетіне шақырып алып, арнайы танысқанын, сол күні «сенің партияға өтуің керек, келешегіңе керек болады» деп қолқа салғанын және сол күннен бастап әкесінің әріптесінің қамқорлығына алынып, қоянқолтық жұмыс жасағанын, бас болып жүріп, партия қатарына кандидаттыққа, бір жылдан соң партия қатарына алынғанын, көп ұзамай Мекежан ағасының ұсынысымен кезекті алмасуда партия ұйымының хатшылығына сайланғанын, сол сыйластықтары Мекежан ағасы отставкаға шыққаннан кейін де жалғасын тапқанын мақтанышпен баяндайды.

«Мекежан Нілдібайұлы қызметке жауаптылығымен қоса, патриот еді. Зейнеткер Мекеңнің партия ұйымының жиналысына келмей қалған күндері болмайтын. Ол кезде бөлімнің, аудан прокуратурасы мен сот ұжымдарының қызметкерлері бір партия ұжымында болатын. Мекең сияқты азулы партия мүшесінің партия жиналысына қатысуы, біздер үшін үлкен күш еді. Қызмет бабында өктем тұратын кейбір қызметкерлерді партия ұжымының жиынында тезіне салып алатынбыз және ол кісі отырғанда басы артық жағымсыз ұсыныстар айтылмайтын. Мекеңдер өзі өткен сара жолдарда қаншама ізбасар әріптестерін тәрбиелеп, даярлап кетті. Ал, маған жасаған жақсылықтарын сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деп еске алады Жанат Қауымбеков.

Милиция ардагері, отставкадағы майор Мұхаметжан Мезгілбаев Мекежан ағасының таза чекист болғанын, ол кісінің дүниеге еш қызықпағанын, балаларына да сондай тәрбие бергенін мақтанышпен әңгімелеп және ардагердің әрбір игілікті істерін жіпке тізгендей етіп баяндайды. «Мекеңнің кеңдігі сонша, біздің жас кезіміздегі талай еркелігімізді нардай көтерді. Кейбір «ерекше ерке» азаматтарды алға сүйреді ғой. Ол кісіден үлгіні көп алдық», – дейді.

Қатардағы милиционерден аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне дейінгі сара жолдан өткен жоғары шенді офицер Мекежан Нілдібайұлы бұл биікке абырой мен міндетті, азаматтық парызын жеке басының, отбасының мүддесінен жоғары қойғандығынан жеті.

Мекежан Нілдібайұлы мен Бибінұр анамыз үлгілі отбасын құрып, ауыз толтырып айтарлықтай білімді де білікті ұрпақтар тәрбиелеп өсірді.

Өмірден жастай кеткен әпкеміз Фаина Мекежанқызы туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол кісі туралы марқұм Жақсылық Қайырбеков ағамыз «Мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болатынмын. Бірде Қарқаралыдағы №2 орта мектеп директорының орынбасары Вероника Петрова маған «Біздің мектепте болайын деп тұрған бір қыз бар. Аты – Фаина. Сол іскер баланы комсомол жұмысына алсаң қайтеді», – деп ұсыныс жасады. Содан соң Фаина аудандық комсомол комитетіне қызметке алынып, іскерлігі арқасында бірінші хатшы қызметіне дейін көтерілді. Аудан активі мен жастары арасында үлкен абырой-беделге ие болды. Әттең, өмірі келте қиылды. Жол апатынан абайсызда қайтыс болды. Оған да 40 жылдың жүзі болыпты-ау», – деп есіне алған еді.

Мекежан атамыздың ұрпақтары ел игілігі үшін еселі еңбек етуде. Бақытжаны – Астанада дәрігер-терапевт, Ержаны – «Қазақмыс» Корпорациясы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Тілеужаны – Астана қаласында финансист-экономист, Дауылбайы – Қарағандыда заңгер, Ерлан – Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, Тілеугүлі – Қарағандыда тарихшы. Бұл күндері 14 немереден 15 шөбере өрбіген өрісті отбасы.

Мекежан Нілдібайұлының барлық болмысы, ол кісімен қызметтес болғандардың және көзін көргендердің есінде мәңгі сақталады.

Манарбек КӘРІМ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Суретте: М.НІЛДІБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button