Биыл егіс алқабы 1,2 миллион гектарға дейін ұлғайды
Қарағанды облысында көктемгі егіс науқаны қарқын алды. Биыл өңірдегі егіс алқабы 1,2 миллион гектарға дейін ұлғайып, барлық аудандарда дала жұмыстары басталды. Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру аясында бидай алқаптары қысқартылып, оның орнына майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі арттырылуда.

Сондай-ақ аграршылар картоп пен көкөніс отырғызу жұмыстарына да кірісті. Бұл бағыттағы көлемдер азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында көбейтілуде.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егіс науқанына 8,4 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам сепкіш және 9,7 мың басқа да ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.
Өңірде суармалы егіншілікті дамытуға және агротехнологиялық талаптарды сақтауға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар жоғары сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштар сатып алып, техникаларын жаңартып жатыр. Басым дақылдарды өсіруге, пестицидтер алуға, су жеткізу қызметтеріне және су үнемдеу технологияларына субсидиялар қарастырылған.
Егіс жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұдан бөлек, аграршылар «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несиелерді пайдаланып отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



