Жаңалықтар

Маңғыстауда Рим және Қытаймен байланысты ежелгі қаланың орны табылды

Маңғыстауда дала өркениетінің көне ізі – екі мыңжылдық қала зерттелуде. Ғалымдар шамамен екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Қарақабақ қалашығын зерттеуді жалғастырып жатыр. Ежелгі дәуірде бұл мекен өңірдегі маңызды сауда және қолөнер орталықтарының бірі болған. Зерттеу барысында археологтар тиындар, мөрлер, керамика бұйымдары және басқа да артефактілер тапты. Бұл олжалар қазіргі Маңғыстау аумағы арқылы ірі халықаралық сауда жолдары өткенін көрсетеді.

Суреттер Маңғыстау облысы әкімдігінен

– Қалашық Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының бір бөлігі болған және Каспий маңы елдерін байланыстырған, – дейді археологтар.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы және археолог Андрей Астафьевпен бірге Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығына барды.

Алдымен өңір басшысы Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған Қарақабақ қалашығынан табылған тарихи жәдігерлермен танысты. Одан кейін делегация аталған археологиялық нысанға барып, жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысып, алдағы бірлесе атқарылатын жұмыстарды талқылады.

Мамандардың айтуынша, Қарақабақ қалашығы б.з. I-VI ғасырларына жататын көне сауда және қолөнер орталығы болған. Археологиялық зерттеулер бұл өңір арқылы осыдан 2000 жыл бұрын халықаралық сауда қатынастары жүргенін дәлелдеп отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, Қарақабақ Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды теңіз-құрлық сауда торабы ретінде Каспий маңы мемлекеттерінің саяси, экономикалық және сауда байланыстарында ерекше рөл атқарған.

Қалашықтан Византия, Үндістан, Рим, Парсы және Қытай елдерімен байланысты дәлелдейтін тиындар, мөрлер, қыш ыдыстар мен түрлі жәдігерлер табылған. Сондай-ақ археологтар көне порт қызметін атқарған аймақтың іздерін, қолөнер өндірісі мен теңіз саудасына қатысты көптеген деректерді анықтаған.

Өңір басшысы Қарақабақтың тарихи маңызына тоқталып, бұл жаңалықтар Маңғыстаудың көне өркениеттер мен халықаралық сауда қатынастарындағы орнын айқындай түсетінін атап өтті.

–Біз қазір Қарақабақ деген жерде тұрмыз. Ғалымдардың пайымдауынша бұл қала ІІ ғасырдағы Рим ғалымы Клавдий Птолемей жасаған Каспий теңізінің шығыс жағалауының картасында Аспабота деген қала-мемлекет ретінде көрсетілген. Бұнда жер астында көне қаланың орны жатқаны анықталып отыр. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл өз дәуірінің ірі логистикалық хабы болған деуге болады. Бұл деректер ата-бабаларымыз тек көшіп-қонып, мал шаруашылығымен ғана айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, мұнда үлкен сауда айналымы жүргенін, өркениет болғанын дәлелдейді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button