Руханият

Қара Дәулеттің қара өлеңі

Қарағандыда «Қара Дәулет» атанған Дәулет ЫРЫСБАЙҰЛЫ дейтін ақынның өмір сүргенін әдеби ортаға жаңа араласа бастағанда естідік. 50 жылдығына орай облыстық Н.Гоголь кітапханасында өткен кешінде ақын Мирас АСАННЫҢ «Менің тірі ақынды алғаш көруім Қара Дәулетпен жүздесуім еді» деп, оған арнаған өлеңін оқығанда, тіпті, қызыға түстік. Кейін үлкен сахналарда орындалып жүрген «Қарағанды вальсі» әні де сол ақынның туындысы екенін біліп, сазгерлігіне таңдай қақтық. Сөйтсем, Қара Дәулеттің қайран қаларлық қыры көп екен.

Бірде қолыма республикалық «Қасым» әдеби журналы түсті. Парақтап отырсам, Дәулет Ырысбайұлының «Азаттықты аңсаған ақиық ақын» атты Мәди Бәпиұлының өміріне арналған 8 бөлімді драмасы жүр екен. Сері әрі батыр Мәди бабамыздың өнегелі өмірі тартымды тілмен жазылған. Шеберлігіне риза болдым.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, облыстық «Орталық Қазақстан», «Шипагер» газеттерінде, телерадиокомпанияда қызмет еткенін кейін білдім. Аудармалары мен әзіл әңгімелері, сарказмнан тұратын мысал өлеңдері де бар. Бірнеше әні ел арасында кең тараған.

Ақын, сазгер, драматург, ұстаз, аудармашы, сатирик, яғни, сегіз қырлы бір сырлы дарын. Ол жайлы қалам тербеуіме де есімінің көп аталмай жүргені әсер етті. Ойларым қалам ұшына түнеп, маза бермеді. Оның үстіне, ол жайлы аңыздар бізді өлеңге адал болуға үйреткен еді.

«Ғұмырымның тамшысы», «Нұр» жыр жинақтарынан бөлек, 2014 жылы «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан 100 томдыққа да жырлары еніпті. Ақын Қойлыбай Асанұлы екеуіне I том бұйырыпты. Бұған қатты қуандық. Өйткені, екеуінің дос болғанын білеміз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ақын Руслан Нұрбайдың редакторлығымен жасалған «Үркер» радиохабарынан «Қарағандының қара Дәулеті» атты жазбаны таптық. Толық тыңдап, осы кезге дейінгі естіген аңыздарға тағы бір рет қанық болдық.

Ал, ақынның ұлы Ахмет, қызы Келбеттің жүрекжарды сырларын тыңдағанда, Келбеттің әкесіне деген сағынышын дірілдеген даусынан, Ахметтің күмбірлете шерткен күйіндегі мұңнан аңғардық.

Өмір – қысқа, тағдыр – қатал. Ол ешкімді аямайды. Әсіресе, таланттарға келгенде, тіпті, тоңмойын. Сынағын үйіп-төгіп, жанын азапқа салады. Қара Дәулет те сондай тағдырлы ақын. Көп оқығаннан болар, өмірінің соңында көзі көрмей қалыпты. Қырық екі-ақ жыл өмір сүріп, өмірде һәм өлеңде бірдей екендігін дәлелдеген. Оны біз «Ғұмырымның тамшысы» жыр жинағын оқып отырып, түйсіндік. Мәселен, «Талантты надан» өлеңін:

«Аспан асты Адамдықтан кенде ме?!
Надандыққа қонбайды екен ем неге?!
Адамдықтан жұрдай мына пендеңе,
Асқан талант бердің, Алла, сен неге?!» дей келе,
Көкейіңді мазалайды көп сұрақ,
Бұл Фәниден ар-ожданды өт сұрап.
Мұсылмандар жайыңдаршы алақан:

– Уа, Адамдық, аман болшы деп сұрап!» деп төбеңнен жай түскендей етеді.

«Теңіздің дәмі – тамшысынан белгілі» демекші, оның әр шумағында өмір бар, қозғалыс бар.

Қанша қайсар болса да, тағдырға тіл тигізбепті:

«Болмайды жігер құр қызған,
Сыр сұрап жазам жұлдыздан.
О, менің, арқар тағдырым,
Құлата көрме бір құздан» деп сырласады онымен.

Ақынмен айырылмас дос болған Қойлыбай Асанұлы: «Неге екенін білмеймін, «Ғұмырымның тамшысы» жинағының атауын мен қойдым», – дейді.

Қойлекең 1 курс төмен оқыса да, «от ұстап топқа түстім» дейтін 20 жасынан Дәулет ақын өмірден өткенше бірге күн түбіне талай жортқан. Отбасы, туыстарымен жақсы араласып, үйінен талай дәм де татқан. «Сол кезде өнерлі ортада екі Дәулет болды. Бірін Дәулетбай әнші, бірін ақын Қара Дәулет атадық. Мен оны Иман Жүсіп, Мәди сынды уақытқа жаны, ноқтаға басы сыймаған «бунтарь» ақын, батыр мінезді серілердің сарқытындай көремін. Оның «Қарағанды вальсі» әні атын мәңгі өлтірмейтін бірегей туынды. Бірақ, кей кештерде осы ән орындалғанда авторы айтылмайды. «Бұл – Қара Дәулеттің әні» деп елжұртқа кеңінен таныстырып кетемін. Тарихты бұрмалауға болмайды ғой», – деп еске алады Қойлыбай ақын.

Ақын, жазушы Серік Сағынтайдың 2012 жылғы «Ortalyq Qazaqstan» газеті, 26 шілдедегі санындағы «Қара Дәулеттің Қарағандысы» атты эссесін оқып отырып, Дәулет ақынның пәк болмысы мен табиғи таланты көз алдымызда асқақтай түсті.

«Қара Дәулет фәнилік уақытын тыйғалы бірер жыл жүзін жасырды. Алыстаған тау тәрізді – ол. Күн еңкейген сайын басы ұзарған көлеңке тәрізді – уақыты бақилық тұңғиыққа жұтыла берген сайын жазған жырлары ойға орала түседі» деп өз бағасын беріпті.

Уақыттың елегінен тек хас таланттар аман қалатынын ақынның бір-ақ өлеңімен әрлей түседі. Ал, кең ауқымда ойлай алатын Дәулет ақын:

«Иесіз қалса, бөлшектенер бүтінің,

Киесіз болса, қасиеті не үкінің?!

Айдаһардай жалғыз басты жалмауыз,

Жұтпаса екен ізгіліктің тұқымын» деп кез келген дәуір дауылына төтеп беретінін көрсетеді.

«Дәулет Ырысбайұлы кеткен соң, Қарағандыда сол буыннан ақын қалмады. 50-жылдары туғандар мен 70-жылдары туған біздің буын арасында ашық алаң жатыр. Ол алаңда Қара Дәулеттің қаққан қазығы мен тақырға түскен таңбалы ізі бар. Сол із өшпесе екен. Сол қазыққа әлі де желі тартылар. Жырдың желісі немесе айшылық жерден арындап келе жатқан жыр тұлпары екпінімен тоқтай алмай өте шығарда керілер арқан тартылар.

Өйткені, өнер де өмір де мәңгі бәйге ғой…» деп түйіндейді сөзін.

Ал, Дәулет ақын сол бәйгеден шет қалмасы анық. Әзірге:

«Түңілуге өмірімнен ерте тым,

Тыңда, достым, сырларым көп шертетін.

Бір адамның отын қажет етемін,

Көңілімнің қатқан мұзын ерітетін» деп талғампаз оқырманын күтіп жатыр Қара Дәулеттің қара өлеңі…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button