Қарағандының ауасы неге лас?
Қас қарайса болды, Қарағанды аспанын көк түтін басып қалады. Құдды бір зауыттан шыққан түтін, немесе қалың тұман ба дерсіз. Бірақ, қолқаны қапқан түтіннің иісі осы ойыңызды жоққа шығарады. Қаладағы жеке сектор тұрғындары кешкілік мезгілде от жаққан шақта, қаланы басып қалатын – осы түтін. Жылыту маусымы басталғалы бері ауаны ластаушы заттардың артық мөлшерде тіркелгенін айтады мамандар. Осы мақсатта экология департаментінің мамандары пеш жағатын аудандарға барып, арнайы атмосфералық мониторинг жүргізді.

Мониторинг жұмыстарын экология департаментінің Зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары жүргізді. Әуелі зерттеу жұмыстары Космонавт, Восток, Архитектурная, Асфальтная, Четская, Орлова көшелері бойынша жүргізілді. Нәтижесіне сүйенсек, ластаушы заттардың артық мөлшері анықталмаған. Ал, Бытовая мен Төлепова көшесінің бойында көмірқышқыл газының мөлшері шамадан тыс екені анықталды.
– Ауа райы қазір жылы. Жел тұрмағандықтан жеке секторлардан шыққан түтін таралмай, ауаны ластауға әкеліп соғады. Бұған себеп – тұрғындардың сапасыз көмір тұтынуы. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының көбі сапасыз көмірді жиі сатып алады. Бұл мәселенің шешімі – қаладағы жеке үйлерді газбен жылытуға көшіру, – деді эколог мамандар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz