Жаңалықтар

Қарағандылық зауыт мұнай компаниясы үшін жабдықтар шығармақ

 Қарағанды облысы әкімдігі мен «North Caspian Operation Company N.Y» компаниясы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл жергілікті кәсіпорындардың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етпек. Келер жылдан бастап «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы «Бёмер Арматурен Қазақстан» ЖШС шығаратын қондырғылар мұнай өндірісінде қолданылады.

Бұл келісім – Қарағанды облысы әкімдігінің жергілікті кәсіпорындарды қолдау бағытында қолға алған жұмыстарының жалғасы. 2016 жылы облыс әкімдігінің ұйымдасыруымен отыздан астам қарағандылық тауар өндірушілер «NCOC» компаниясының орталық кеңсесіне барған болатын. Алғашқы байланыс сол кезде орнатылды. Мұнай саласындағы алпауыт компания кенді өлкенің өндірісімен, тауарларымен жақын танысып, әріптестік орнатуға ынталы екендіктерін жеткізді. Ал, биыл «NCOC» компаниясы Қарағанды облысы әкімінің төрағалығымен өткен «Қазақстандық өнімді дамыту жөніндегі форум» жұмысына қатысты. Осы форумның аясында жергілікті кәсіпорындар аталмыш компанияның тауарларға қоятын талаптарымен танысып, өз өнімдерін ұсынды.

  • Қарағанды облысы әкімдігі тарапынан жергілікті кәсіпорындарды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы ретте, жергілікті «Бёмер Арматурен Қазақстан» ЖШС жаңа деңгейге көтеріліп, мұнай саласына бағытталған қондырғыларды өндіру ісін қолға алғаны қуантады. Біздің әріптестігіміз алдағы уақытта да қарағандылық кәсіпорындардың өрістеуіне ықпал етері анық, – дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

«NCOC» компаниясы Атырау облысындағы «Қашаған» мұнай-кен орнын игеруде. Бұл – еліміздегі шетелдік инвестицияны тікелей тарту нәтижесінде жүзеге асқан ең ірі жобалардың бірі. Сонымен қатар, қазақстандық мамандарға жұмыс орындарын ұсыну және жергілікті кәсіпорындармен қарым-қатынас орнату арқылы экономиканың өрістеуіне де айтарлықтай үлес қосып келеді. Бір айта кетерлігі, компания өндірісте отандық кәсіпорындардың тауарларын қолдануға басымдық берген. Мұнай-кен орындарын игеруде, негізінен, Қазақстанда дайындалған қондырғылар пайдаланылады және оларға жергілікті мамандар қызмет көрсетеді. Бұл отандық компаниялардың өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етуде. 2004 жылдан бастап компания отандық өнімдер мен қызмет түрлерін сатып алуға 13,4 миллиард доллар жұмсаған.

  • Біз жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, кәсіби біліктіліктерін арттыру бағытында жұмыс істеудеміз. Жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру үшін кәсіби-техникалық оқудан өткіземіз, компаниялардың халықтаралық стандарттарға сай сертификациядан өтулеріне жәрдемдесеміз және түрлі бизнес-семинарлар мен форумдар ұйымдастырамыз. Бұлардың барлығы «NCOC» компаниясының демеушілігі есебінен жүзеге асады, – дейді «NCOC» компаниясы атқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев.

Кездесу соңында «NCOC» компаниясы мұнай зауытын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына «Бёмер Арматурен Казахстан» ЖШС шығаратын қондырғыларды пайдалану туралы келісімге келді. Келер жылы қарағандылық зауытта өндірілген 225 шарлы кран Атырауға жөнелтіледі.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button