Қарағандылықтар – құрама сапында
ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындарына қатысатын ел құрамасы жасақталып бітуге жақын. Бұйыртса, 29 қаңтарда Алатаудың бөктеріндегі Алматыда жаһандық жастар додасының шымылдығы түрілмек. Бүгінде құрама сапында қарағандылық 8 спортшының өнер көрсететіні белгілі болды.
Бұлардың қатарында 4 спортшы – конькимен жүгіру, 1 спортшы – биатлон жарыстарында және 3 спортшы – хоккей командасы құрамында ел намысын қорғайды.
Жерлестеріміздің арасында ҚЭУ студенті Екатерина Айдованың есімін ерекше атап өтуге болады. Жанкүйерлер қауымы конькиші қыздан үлкен үміт күтеді. 2011 жылы Финляндиядағы дүниежүзілік жастар чемпионатында, 2015 жылы жылдамдықпен сырғанаудан өткен әлем чемпионатында алтын медальді олжалаған Екатерина Универсиадада да биіктен көрінеріне сенім мол.
Бұдан бөлек, конькишілер жарысында 2015 жылы Қытайда өткен жастар чемпионатында VI орыннан көрінген ҚЭУ студенті Артем Крикунов, 2014 жылы Белоруссиядағы жастар Кубогінің кезеңінде 1000 метрлік қашықтықта бірінші келген ҚарМУ студенті Станислав Палкин, 2013 жылғы Польшадағы және 2014 жылғы Белоруссиядағы жастар Кубогінің кезеңінде 500 метр қашықтықта ІІ орынды еншілеген ҚЭУ студенті Алена Стапстова күш сынасады.
ҚарМУ студенті Людмила Ахатова биатлон бәсекесінде мықтылық байқасады. Людмила бұған дейін жастар арасындағы ел чемпионатында – І орын (спринт), 2015 жылғы VII Қысқы Спартакиадада – ІІ орын иеленген еді.
Хоккей командасына үш жерлесіміз енді. Мадияр Ибрайбеков («Барыс ХК, Астана қ.), Никита Михайлис («Торпедо» ХК, Өскемен қ.) және Иван Степаненко («Номад» ХК, Астана қ.) құрамада ойнады. Қарағанды хоккей мектебінің өкілі Мадияр Ибрайбеков Универсиада алауын тұтату рәсіміне қатысады.
Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанау сайысында Мелис Хакимов қосымша құрамға алынды. Осы уақытқа дейін Мелис ҚР Кубогінің І және ІІІ кезеңдерінде, тиісінше, ІІ-І орындарды, ІІ республикалық жастар ойындарында – ІІІ орынды, былтырғы Қазақстан Кубогінде – І орынды иеленген.
Айта кетер мәселе, кейбір спорт түрлері бойынша ел құрамасы әлі толық жасақталып болған жоқ. Жақын күндері Универсиадаға қатысатын қарағандылықтар есімі тағы да анықталуы бек мүмкін.
Нұрқанат ҚАНАФИН