Жаңалықтар

Қарағандылық оқушылар жекеменшік мектептерде тегін оқи алады

Биылғы оқу жылынан бастап Қарағанды қаласындағы 6 жекеменшік мектеп мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеуге көшеді.  Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 322 млн теңге бөлінген. Қаражат 1080 баланың жекеменшік мектепте білім алуына жұмсалмақ.

– Жекеменшік мектептерде оқуға мемлекеттік тапсырыс көлемі Қарағанды қаласы әкімдігінің қаулысымен анықталды. Бастауыш сынып оқушылары үшін айына – 15 510 теңге, орта буын үшін айына – 20 555 теңге, жоғары сынып оқушылары үшін айына – 23 359 теңге жұмсалады, – деді Қарағанды білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова. 
Қазіргі таңда қала басшылығы кәсіпкерлер үшін жекеменшік мектеп ашуға барынша тиімді  жағдай жасауға тырысуда. Пришахтинскіде 240 орындық жеке бастауыш мектептің құрылысы жүріп жатыр, Майқұдық, Гүлдер және Күнгей ықшам аудандарында салынатын тағы үш мектептің жобасы қарастырылуда. 
Қарағандыда барлығы 133 мемлекеттік білім беру ұйымдары бар. Олардың ішінде 80 мектеп, 42 балабақша, 10 мектептен тыс ұйым және бір оңалту кабинеті. Биыл Б. Момышұлы көшесінде 1300 орындық жаңа мектеп ашылады. Білім бөлімінің ақпараты бойынша, қазір 13 қалалық мектептің жүктемесі шамадан тыс. №34 мектепте балалар үш ауысымда оқиды.

Басқа материалдар

Back to top button