Қарағандылық оқушы еуропалық олимпиададан жүлдемен оралды
Грузияның Кутаисиде қаласында физика пәнінен өткен ЕuРho еуропалық олимпиадасынан қарағандылық Нұргүл Егенбергенова жүлделі ІІІ орын иеленді. Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысының ел құрамасының сапында өнер көрсетіп жүргені бірінші мәрте емес. Бұған дейін де республикалық зияткерлік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізген.
Аталған Олимпиадаға 55 елден 265 оқушы қатысқан. Бұның ішінде Қазақстан құрамасының төрт оқушысы да бар. Ал, құрама сапында Астана, Алматы, Қарағанды және Атыраудан оқушылар іріктеліп алынған. Нәтижесінде, қазақстандықтар екі күміс және екі қола медаль еншілеген.
Еуропалық Олимпиада екі тур бойынша өткен. Нұргүлдің сөзіне сүйенсек, алғашқы туры қиындық тудырған көрінеді.
– Ел құрамасының сапынан сынға түсуім бірінші рет емес. Бұған дейін құрама команда сапынан республикалық олимпиадаларға да қатысып, жеңіске жеткен болатынмын. Ал, Еуропалық Олимпиада мен үшін қиынға соқты. Олимпиада екі кезеңнен тұрса, біріншісі ауыр болды. Себебі, мұнда эксперемент жасау керек екен. Ал, мен эксперемент жағынан қиналатыным бар. Екіншісі кезең – теориялық тұрғысында өтті. Бұл кезеңнен мүдірмей өттім. Нәтижесі де жаман емес. Ең бастысы, басқа елдердің олимпиадашыларымен танысып, өзара тәжірибе алмастық, – деді Нұргүл Егенбергенова.
Нұргүл болашағын физика және инженериямен байланыстыруды жоспарлап отыр. Жаңа оқу жылына қазірден дайындығын бастап кеткен. Күз айларында физика пәнінен IPhO және APhO Азия және халықаралық олимпиадалары басталады. Сол олимпиадаларға қатысу үшін «барымды саламын» дейді жас физик.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz