Жаңалықтар

Қарағандыда «Өзгерістер көшбасшылары» атты форум өтті

Сейсенбі күні «Vogue» мейрамханасында Жастар жылы аясында, сондай-ақ, Мемлекеттік қызметші күнін мерекелеу қарсаңында «Өзгерістер көшбасшылары» атты форум өтті. Ұйымдастырушы – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті.

Форумға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов, Абай ауданы әкімі аппаратының басшысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Раушан Нұржубалина және Шахтинск қаласы білім беру бөлімінің басшысы, «Regina Apostolorum» Папалық институтының түлегі Николай Онсович спикерлер ретінде қатысты.

Кездесу барысында Асхат Қанатұлы студенттерге, жас мемлекеттік қызметшілерге өзінің жетістікке жету жолы туралы әсерлі әңгімелеп берсе, Николай Брониславович білім беру жүйесін жаңғыртуды жүзеге асыруға қатысты өзі басқаратын бөлімнің мақсаттары мен міндеттеріне жан-жақты тоқталды. Өз кезегінде Раушан Дәулетбайқызы кезінде «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскенін, ондағы басынан өткерген қиыншылықтары мен қызықты жайттары туралы естеліктерімен бөлісті.

Болашақта мемлекеттік қызметші боламын деген жастарды тәрбиелеу үшін республика көлемінде ең бірінші болып Қарағанды облысында «Мемлекеттік қызметшілер мектебі» ашылған болатын. Осы мектептің қалыптасу тарихы және түлектерінің жетістіктері туралы Қарағанды облысының Мемлекеттік қызметшілер мектебінің басшысы Малика Кусенбаева сөз етсе, мектеп түлегі Еркен Беркенов мансаптық жоғарылауына мектептің тигізген септігі зор екеніне назар аударды. Қазіргі таңда Еркен Ержігітұлы Балқаш қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Сондай-ақ, спикерлерге сұрақтар қойылып, жүйелі түрде жауаптар қайтарылды. Жиын жұмысына белсене қатысқандарға сыйлықтар үлестірілді.

Аталған шара жастардың патриоттық сезімдерін, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жауапкершілігін және жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыруға оң әсерін тигізері сөзсіз.

Қасымхан Ғалым

Басқа материалдар

Back to top button