Медицина

Қарағандыдағы жеке клиниканың бірінде ер адам көз жұмды

Әлеуметтік желілерде Қарағанды тұрғыны жеке клиникада ота жасатпақшы болған жолдасы түсініксіз жағдайда қайтыс болғанын жариялап, көмек сұрады, деп хабарлайды Ortalyq.kz kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет hippokrat.kz

Әлеуметтік желідегі жазбасында Кристина Ермолова жолдасы 6 қаңтарда жоспарлы ота жасату үшін жеке клиникаға барғанын айтады.

– Түстен кейін Қарағанды қаласындағы «Аланда» жеке клиникасының операциялық бөлімінде менің жолдасым Ермолов Вячеслав қайтыс болды. Мен бұған әлі сене алар емеспін. Бұл клиникаға ол асқазанына ота жасату үшін барған еді. «Аланда» клиникасы маған оның өлімінің себебі туралы әлі күнге дейін нақты түсініктеме берген жоқ. Менің сұрағым көп. Неге күйеуім қайтыс болғаннан кейін оның денесі менің келісімімсіз жеке мәйітханаға жеткізілген, маған неге хабарламаған?, – деп жазады марқұмның әйелі.

Ол отаға дайындық, оның жүргізілуі жайлы толық ақпаратты талап етпекші.

– Осы уақытқа дейін операцияға дайындық қалай жүргізілгені белгісіз. Бақылаушы дәрігерлердің қайсысы жолдасымда қант диабеті бар-жоғын, қан қысымын, бала кезінде гепатит және тағы да басқа аурулары болғанын анықтап алмай, операция жасауға ұсыныс бергенін ешкім білмейді. Анестезия енгізілгеннен кейін жолдасымның тынысы тоқтап қалыпты. Енгізілген анестезия мен релаксанттардың мөлшері де белгісіз және кейіннен реанимациялық процедуралар қалай жүргізілді? Неліктен маған оның өлімі туралы уақытылы хабарланбады және мәйіт жеке мәйітханаға еш ескертусіз жеткізілді? Бұл сонда қалыпты жағдай ма? Науқас қайтыс болған кезде дәрігерлер осылай істеуі керек пе? Мен отбасымыз үшін осы бір қиын жағдайда шындықтың түбіне жеткім келеді, – дейді марқұмның әйелі.

Әзірге бұл қайғылы оқиғаның мән-жайы анық емес. Өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері марқұмның денесін сот-медициналық сараптамаға жіберді.

– Абайсызда адам өліміне әкеп соққан медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button