Қыста қалтырамас үшін
Бүгінде Балқаш жылу электр орталығында жылу маусымына дайындықпен қатар, станцияның өндірістік қуатын арттыру жұмыстары қауырт. Қолданыстағы қазандықтар күрделі жөндеуден өтсе, жаңа бесінші қазандық іске қосылуға дайындалуда. Ал, алдағы уақытта тағы бір турбинаны орнату жоспарланған.

Бұл жұмыстар қаланы жылумен қамту сенімділігін күшейтіп, жаңа нысандарды орталық жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік бермек. Жақында Балқаш қаласының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ЖЭО-ға барып, станциядағы жұмыстардың барысымен танысты. Кәсіпорын директоры Нариман Сағындық өндірістік нысанды аралатып, жылу беру маусымына дайындық пен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы айтып берді.
1937 жылы пайдалануға берілген Балқаш ЖЭО бүгінде қаланың өндірістік нысандары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Станцияның электр қуаты – 145 МВт, жылу қуаты – 383,6 сағ/Гкал. Мұнда 429 адам еңбек етеді.
Станцияның өндірістік жабдықтары қатарында №6, №7, №8, №9 төрт ПК-10п-2 типті қазандық және №2, №3 ПТ-30/40-2,9, №6 Р-25-90/31, №7 ПТ-60-90/13 типті төрт турбоагрегат бар.
ЖЭО-ның бүгінгі жұмысына көз жүгірткенде, станцияның жасы да, жауапкершілігі де қатар сезіледі. Үздіксіз қызмет етіп келе жатқан жабдықтардың уақыт талабына сай болуы – қала үшін маңызды мәселе. Сондықтан, 2026 жылғы инвестициялық бағдарламада негізгі өндірістік жабдықтарды жаңартуға басымдық берілген.
Қолданыстағы тариф 2026 жылғы 1 мамырдан бастап 5 997,66 теңге/Гкал мөлшерінде бекітілген. Оның ішінде, «Балқаш Жылу» ЖШС үшін – 2 408,02 теңге/Гкал, өзге тұтынушылар үшін – 15 757,41 теңге/Гкал.
2024-2029 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бойынша биыл №9 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Негізгі тораптар мен қосалқы бөлшектерді ауыстыруға 437 млн 704,41 мың теңге көлемінде қаражат көзделген.
Сонымен қатар, өндірістік қажеттілікке байланысты №8 қазандық агрегатын күрделі жөндеуден өткізу бойынша инвестициялық бағдарламаға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылуда. Тиісті өтінімді 2026 жылғы 1 қарашаға дейін беру жоспарланған.
Ал, станциядағы биылғы негізгі жұмыстың бірі – №8 қазандық агрегатын күрделі жөндеу. Қазандық маңында жүрген мамандардың жұмысына қарап, мұндағы істің ауқымын аңғаруға болады.
Бірінші және екінші сатылы су экономайзерлері, фронттық экран құбырлары, фестон құбырлары, бірінші және екінші сатылы ауа жылытқыштар, бірінші сатылы бу қыздырғыш, ППЛ5 шаң бергіштері, ЗУУ блоктары бойынша демонтаждау және монтаждау жұмыстары жүргізілген. Қазандықтың жылу оқшаулауы мен қаптамасы да жөндеуден өтуде.
Бұдан бөлек, құбыржолдар мен реттеуші-ысырмалы арматуралар, күлұстағыш қондырғы және қазандықтың айналмалы жабдықтары жөнделген.
Мұндай жұмыстардың әрқайсысы станция үшін маңызды. Өйткені, мақсат – жабдықтың техникалық жағдайын жақсарту, оның тозу деңгейін төмендету және алдағы пайдалану кезеңіндегі сенімділігін арттыру.
Жоба нәтижесінде №8 қазандықтың тозу деңгейін 4,3 пайызға, авариялық жағдайлардың орын алуын 3,9 пайызға төмендету, сондай-ақ көмір мен мазут секілді ресурстардың шығынын азайту көзделген.
Энергетиктердің бұл жұмысы жыл сайын қайталанып отыратын қалыпты өндірістік үдеріс болғанымен, әр жыл сайын оның өз салмағы бар. Өткен жылы да станцияның №9 қазандық агрегатында ауқымды күрделі жөндеу жүргізілген.
2025 жылғы жөндеу барысында екінші сатылы су экономайзері мен бу қыздырғышы, төбелік және бараралық құбырлар, диірменнің шеткі қақпағы ауыстырылған. Бірінші және екінші сатылы ауа жылытқыштар, газ-ауа құбырлары, үрлеу желдеткіштері, түтін сорғыштар, диірмен желдеткіштері жөнделіп, диірмендерге қажетті жұмыстар жүргізілген.
Жылу оқшаулауы мен қаптамасы, күлұстағыш қондырғы, бірінші сатылы бу қыздырғыш пен су экономайзері де жөндеуден өткен. Нәтижесінде №9 қазандықтың тозу деңгейін 4,6 пайызға, авариялық жағдайларды 1,7 пайызға төмендету және отын ресурстарының шығынын қысқарту көзделген.
Өндіріс жөніндегі бас инженердің орынбасары Антон Тришин станциядағы жөндеу жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатқанын айтады.
– Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Қазіргі уақытта станцияда үш қазандық жұмысқа дайын. Тағы бір қазандық пен турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жалғасып жатыр, – дейді Антон Тришин.
Жылу беру маусымы жақындаған сайын энергетиктердің жұмысы да қыза түседі. Өйткені, мұнда бір ғана агрегаттың дайындығы тұтас жүйенің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, мамандар әрбір жабдықты тексеріп, анықталған ақауларды уақытында жоюға тырысады.
Алайда, Балқаш ЖЭО-дағы жұмыс тек қолданыстағы жабдықтарды жөндеумен шектелмейді. Станцияда өндірістік қуатты арттыруға бағытталған ірі жоба да жүзеге асырылып жатыр.
Соның бірі – бесінші қазандық агрегатын салу. Жаңа қазандық агрегатын монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазір газ тазарту жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны жеткізу бойынша Оңтүстік Кореяның IL KWANG компаниясымен келісімшарт жасалған.
– Қазандық агрегатын монтаждау жұмыстары аяқталды. Қазір газ тазарту жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Оны жеткізу бойынша Оңтүстік Кореяның IL KWANG компаниясымен келісімшарт жасалды. Жоба жаңа Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес. Газ тазартудың жаңа жүйесі атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларды едәуір азайтады, – дейді Балқаш жылу электр орталығының директоры Нариман Сағындық.
Жаңа қазандықтың тағы бір ерекшелігі – ол станцияның жылу өндіру мүмкіндігін арттырады. Ал бұл қала үшін маңызды.
– Бұл – қала үшін өте маңызды жоба. Ол тұтынушыларға қосымша жылу өндіруге мүмкіндік береді. Қала өсіп келеді, сондықтан, қуатты арттыру қажеттілігі туындап отыр. Болашақта бұл жаңа нысандарды орталық жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді, – дейді ЖЭО директоры.
АЙТЫЛДЫ – ОРЫНДАЛДЫ
Қазір қазандық цехының ғимаратын монтаждау жұмыстары да жүргізілуде. Жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Алдағы уақытта станцияда тағы бір турбина орнатылады. Бұл да өндірістік мүмкіндікті кеңейтіп, қаланың болашақтағы жылу және энергия қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Станция аумағын аралап жүргенде, мұндағы жұмыстардың бір-бірімен сабақтас екенін байқауға болады. Бір жағында – жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан жабдықтарды жаңарту. Екінші жағында – жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға дайындық.
Үш қазандық жұмысқа дайын. Тағы бір қазандық пен турбинада күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Жаңа бесінші қазандықтың монтажы аяқталып, енді газ тазарту жабдықтары орнатылуда.
Алда атқарылар жұмыс аз емес. Қазандық цехының ғимаратын толық аяқтау, жаңа газ тазарту жүйесін іске қосу, қолданыстағы жабдықтарды жаңарту, кейін тағы бір турбинаны орнату – станцияның алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайды.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»



