Қарағандыда цифрлық технологияларды дамытуға арналған орталық ашылды

Қарағанды қаласында мектептерде цифрлық технологияларды дамытуға арналған ресурс орталығы ашылды. Мұнда мұғалімдерді білім беру платформаларын қолдануға үйретеді. 


Ресурс орталығы облыстық Білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының жанынан құрылды (С.Сейфуллин к-сі, 8/2). Жобаның әлеуметтік серіктесі —  «Bilim Media Group» компаниясы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба мұғалімдердің цифрлық ресурстарға қолжетімділігін арттырады. Ресурстық орталықта bilimland.kz, itest.kz, imektep.kz, twig-bilim.kz білім беру платформаларын пайдалану бойынша семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Оқытушылар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану дағдыларын жетілдіріп, ашық сабақтар ұйымдастыра алады.
— Әрбір білім беру порталы өзінің пайдалы функцияларына ие. Bilimland.kz-те мұғалімдер өз сабақтарын  толықтыра алатын ресурстар бар. Itest.kz-те бақылау тестеріне немесе ҰБТ-ға дайындалуға, тестілеуді тапсыруға және өз қателіктерімен жұмыс істеуге болады. Қазақ тілді портал imektep.kz мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектепке арналған twig-bilim.kz – бұл ғылыми бейнероликтері бар танымдық порталдар, — деді Білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директорының орынбасары Есбол Арынов.  

Бірінші курсқа облыстың қалалары мен аудандарынан білім беруді цифрландыруға жауап беретін мамандар шақырылды.