Қарағандыда Республика күніне орай салтанатты түрде Мемлекеттік ту көтерілді
Республика күніне орай Қарағандыда ту тұғырының жанындағы алаңда мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті.
Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қала тұрғындары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әскери қызметшілер, ардагерлер қатысты.
– 25 қазан – еліміз үшін маңызды күн. Дәл осы күні 1990 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің негізі болған еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданды. Өткен жылдан бастап Республика күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болды және бүкіл елде кеңінен атап өтіледі. Бұл күн бәріміз үшін азаматтық келісім мен ұлттық бірліктің, елдің бүгіні мен болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің мерекесі болды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ту көтеру рәсімі кезінде Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны орындалды.
Мемлекеттік туды көтеру рәсімі Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында да өтті.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі