Қарағандыда ойын алаңдары жөнделеді

Қазан айында Қарағандыдағы 14 балалар алаңы жөндеуден өтеді. Айтып өтері, балалар алаңдары кесте бойынша емес, қажеттілігіне қарай жөнделеді.

  • Нақты жөндеу кестесі жоқ. Себебі, күн сайын белгілі бір нысандағы жабдықтар сына бермейді. Егер, қалпына келтіру жұмыстарының қажеттілігі туындаса, бұл туралы басшылыққа учаске шебері хабарлайды. Жөндеу орнына дәнекерлеушілер мен ағаш ұсталары бригадасы барады, – дейді мәдениет және демалыс саябақтары мен гүлзарлар басқармасы өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Жанат Нұржанов.

Оның айтуынша, көбінесе, ойын алаңдарындағы шынжырлар, тростар, қоршаудың металл торлары, жасанды жабыны жарамсыз болып қалады.

Сондай-ақ, бұған дейін кәсіпорын қызметкерлері төрт «street workout» алаңының жабынын ауыстырды. Ыстық-суыққа, күн сәулесіне төзімді жабындар полиэтиленнен жасалған.

Бүгінде басқарма балансында 44 балалар және спорт алаңдары бар. Бұл нысандардың жағдайы басқарма мамандарының тұрақты бақылауында.

Өз тілшімізден