Қарағандыда медиация институтының дамуы талқыланды

Қарағандыда «Қарағанды облысындағы медиация институтының дамуын талдау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында осы саладағы жетістіктер мен өзекті мәселелер талқыланды.

Қарағанды қаласының Достық үйінде сот жүйесінің, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің өкілдері жиналды. Сондай-ақ кездесуге Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар өңірдегі медация институтының даму мәселелерін талқылады.

Спикерлер өз баяндамасында медиацияның сот жүйесінде, қоғамдық, саяси және әлеуметтік салаларда қалай қолданылатыны туралы айтып берді. Сондай-ақ, банк жүйесіндегі және атқарушылық іс жүргізудегі дауларды сотқа дейінгі шешудің оң динамикасын атап өтті.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында қатысушылар неке-отбасылық қарым-қатынас мәселесін қозғады. Спикер Марина Кушакова  ерлі-зайыптылар арасындағы дағдарысты шешу үшін Қазақстанда «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске қосылғанын айтып өтті. Ол  отбасылық жанжалдарды сотқа дейінгі шешуде адвокаттардың, психологтардың, медиаторлардың, ГТҚҚ қызметкерлерінің үйлесімді жұмысын көргісі келетінін жеткізді.

Сонымен қатар, «Диалог» жанжалдарды шешу орталығының» директоры Татьяна Савицкая аймақтың барлық медиаторларын біріктіріп, бірыңғай Жол картасын құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл қадам медиация институтында жариялылық орнатып, кәсіби және нәтижелілік тұрғыда жоғарылауға көмектеседі.

– Бүгінгі міндет – мемлекеттің қолдауынсыз медиация институты қол жеткізе алмайтын «нысаналарды» белгілеу. Ең басты мәселе – іс-қимылды бірыңғай үйлестірушілер жоқ, әрбір орталық өзі қалай қажет деп санаса, солай жұмыс атқарады, — дейді Татьяна Савицкая. — Медиация институты жанжалдарды төмендету үшін қолдануға болатын көптеген технологияларға ие. Бізде қазір кәсіби медиаторлардың қатары қалың. Алайда көптеген адамдар медиацияның бар екендігі туралы білмейді. Сондықтан мемлекеттің әкімшілік және қаржылық қолдауынсыз біз алға жылжи алмаймыз.

ҮЕҰ әрбір бағыт бойынша жұмыс топтарын құру қажет деп санайды. Бұл өңірдегі медиация институтын дамыту үшін тағы да не енгізу қажеттігін түсінуге көмектеседі. Ол кеңес беру және call-орталықтар болуы мүмкін.

— Бүгінгі дөңгелек үстелде көптеген өзекті мәселелер қозғалды. Біз осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Мен әр түрлі бағыттар бойынша жұмыс істейтін жұмыс тобын құруды ұсынамын. Ол қандай салада жұмысты күшейтуіміз керек екенін анықтауға септігін тигізеді. Әр бағыт бойынша екі маманды бекітіңіздер, — деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.