Жаңалықтар

Қарағандыда үкіметтік емес ұйым өкілдерінің конференциясы өтті

Қарағанды қаласында үкіметтік емес ұйым өкілдерінің “Тыңдаушы мемлекет” тұжырымдамасын қабылдау аясындағы мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа аспектілері” атты дәстүрлі облыстық конференциясы өтті.  Оған  облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Қарағанды облысының Азаматтық альянсының президенті Гүлнар Құрбанбаева, сондай-ақ ҮЕҰ, саяси партиялар, кәсіподақтар, жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

– Бұл 16 рет өткізіліп отырған дәстүрлі жыл сайынғы ҮЕҰ облыстық конференциясы. Мұнда біз ҮЕҰ мен мемлекеттің тиімді ынтымақтастық тәсілдерін талқылаймыз. Мұндай кездесулер біздің өңір үшін өте маңызды мәселелерді бірлесіп шешуге және пікір алмасуға мүмкіндік береді, – дейді Қарағанды облысының Азаматтық альянсының президенті Гүлнар Құрбанбаева.
Оның айтуынша, биыл конференция тақырыбы ерекше. Бұл азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін “тыңдаушы мемлекеттің” дамуы. Бұл тұжырымдаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтып өткен болатын.
– Жолдауда сондай-ақ Қазақстанның алдында тұрған жаһандық міндеттерді шешуде үкіметтік емес сектордың, қоғамдық ұйымдардың мәртебесі мәселесі қойылған. Биылғы жылы ҮЕҰ конференциясында біз бұқаралық мәдениет, бұқаралық спорт неге дамымай, сыбайлас жемқорлық мәселесі бұрынғысынша өзекті болып табылатыны туралы егжей-тегжейлі әңгімелеуді шештік. Біз бір ҮЕҰ белсенді жұмыс істейтіні, ал басқалары тек қана сынға түсетіні туралы ашық айтуға тиіспіз. Неге мемлекеттік органдар ҮЕҰ-мен жұмыс істеуге уақыт табады, ал басқалары жоқ, – дейді Гүлнар Құрбанбаева.

Ұйымдастырушылар конференцияның мақсаты – үкіметтік емес сектор қызметінің өзекті мәселелерін талқылау екенін тілге тиек етті.

– Қарағанды облысының үкіметтік емес ұйымдары қоғам қызметінің барлық салаларын қамтиды. Бүгінде ҮЕҰ өкілдері қоғамдық кеңестерге, мемлекеттік құрылымдар жанындағы консультативтік органдардың құрамына кіреді. Үкіметтік емес сектор аумақтар мен салалар бойынша мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимыл жасауы қажет. Бұл бағытта бізге үлкен жүйелі жұмыс қажет, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Мемлекетпен ынтымақтастық үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын неғұрлым тиімді іске асыруға көмектеседі. Бұл туралы ҮЕҰ өкілдері де айтады.
– Соңғы уақытта мүгедектерге көп көңіл бөлінуде, бірақ әлі де алға қадам басуға ұмтылуымыз керек. “Тыңдаушы мемлекет” тұжырымдамасы мүмкіндігі шектеулі адамдарға екі есе қажет, – дейді “Әлеуметтік қызметтер орталығы” ҚБ төрағасы Светлана Пономарева.

Пленарлық отырыстан кейін конференция төрт пікірталас алаңдарында жалғасты. Онда спорттың дамуы, білім және ғылым мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі азаматтық қоғам институттарының рөлі туралы айтылды. Әлеуметтік бюджет – аңыз ба әлде шындық па деген тақырыпта пікірталас өтті.

Сонымен қатар, облыстың барлық өңірлерінен үздік әлеуметтік жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар Жезқазған қаласының “Аланым” жастар театры ұжымының орындауындағы “Сән әлемі” атты музыкалық қойылымын тамашалады.

Конференцияда облыстың үздік үкіметтік емес ұйымдары мен мемлекеттік органдардың ҮЕҰ серіктестері марапатталды. Сондай-ақ, қатысушылар облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновпен бірге ағаш отырғызды. Конференция қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды.

Басқа материалдар

Back to top button