Қарағандыда көшпелі көрме өтуде
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер мұражайының көрмесі өтуде. «Ұлы дала бояулары» қорынан ұсынылған көрмеде белгілі қылқалам шеберлерінің 70-тен астам құнды картиналары бар.
Экспозиция Қарағанды мұражайының 35 жылдығына орай «Бізге қонаққа келіңіз» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Көрмеге Шаймардан Сариев, Жаңатай Шарденов, Сахи Романов, Мұхит Қалимов Жоламан Аралбаев, Манарбек Дәулетияров, Садыр Кәрібай, Рафаэль Слекенов сынды суретшілердің жұмыстары қойылған. Туындылар портрет пен пейзаж түрінде жасалғанымен, олардың барлығында табиғаттың сұлулығы, туған жерге деген сүйіспеншілік көрініс береді.
Атырау мұражайының директоры Төлеген Орынбасарұлы мұражайдың 31 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, мекеме көрмелер арқылы өнерді насихаттаумен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген суретшілерге арналған пленэрлер ұйымдастырып отырғанын түсіндірді. Атап айтқанда, Қарағанды облысынан Бейбіт Мұстафин мен Мәдіхан Қалмаханов 2 жыл бұрын осындай көрмеге қатысқан екен.
– Осындай көшпелі көрмелер өнерді дамытуға және суретшілердің бір-бірімен танысуына, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Біз Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Астананың Ұлттық музейінде, Семейдегі Невзоровтар отбасы мұражайында, Шымкентте, Ақтөбеде және Оралда осындай көрмелермен болғанбыз. Мүмкіндігінше еліміздің барлық аймақтарын аралап, қорларымызды таныстырып, әріптестерімізбен тәжірибе алмасудамыз. Біз Қарағанды мұражайының директоры Бибігүл Құдабаевамен бүгін көрменің ашылу салтанатында әріптестік туралы меморандумға қол қойдық, – дейді Атырау мұражайының директоры Төлеген Орынбасарұлы.
Көрме 1-қазанға дейін өтеді деп жоспарланып отыр.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ