Бас тақырып

Қарағандыда «Ауыл Береке – 2022» күзгі ауыл шаруашылық жәрмеңкелері маусымы ашылды

Қарағанды облысында «Ауыл Береке – 2022» күзгі ауыл шаруашылық жәрмеңкелерінің маусымы ашылды. Алғашқы жәрмеңке таңғы 8:30-да «GLOBAL city» көтерме-сауда орталығы аумағында басталды. Таңмен таласа арзандатылған бағамен ауыл шаруашылық өнімдерін алуға жиылған жұрттың қарасы қалың. Демалыс күні ауа райының өзі қарағандылықтарға азық-түлік сатып алуға қарасқандай. Күн нұрын аямай төкті. Мұнда келушілер биылғы жәрмеңкенің ұлғайғанын, таңдау еркіндігінің молдығына қуанышты екендігін жасырмады.

Қарағандыда «Ауыл Береке – 2022» күзгі ауыл шаруашылық жәрмеңкелері маусымы ашылды

Шындығында жәрмеңкеге арналған орынның кеңдігі сатып алушылар мен жүк тасушыларға ыңғайлы болды. Кезекке тұрғанда да кептеліс болған жоқ. Жәрмеңкеде ең көп сұранысқа ие тауар 37 теңгеден сатылған бірінші санатты Бұқар жырау жұмыртқасы болды. Оған кезекке әжептәуір кісі жиылса да, жұмыртқа азайған жоқ, бәріне жетті.

Жұмыртқаға кезекте тұрған қала тұрғындары мұндағы бағалардың алдын ала уәде етілгендей нарықтық бағадан төмен екенін айтып, ризашылық білдірді.

– Жәрмеңке өте жақсы, мүмкіндігінше жиі ұйымдастырылса жақсы болар еді. Бізге, яғни, қарапайым жұмысшыларға мемлекеттен осындай қолдау қажет. Мен жұмыртқаны дүкеннен 60 теңгеден сатып алып жүр едім. Бүгін 37 теңгеден молырақ алдым. Келесі апта тағы келеміз. Қысқа қор жинаймыз. Осылай отбасылық бюджетімізге әжептәуір көмек болады, – деп бөлісті зейнеткер Федор ақсақал. Бұл пікірді қасында тұрған елдің бәрі мақұлдады.

Қарағандыда «Ауыл Береке – 2022» күзгі ауыл шаруашылық жәрмеңкелері маусымы ашылды

– Жәрмеңкедегі бағалар – қалтаға қолайлы. Дегенмен, бағаның ауытқып тұруы да байқалды. Мысалы, арнайы белгілерде сүттің бағасы 350 теңге деп жазылып тұр. Алайда, оны 400 теңгеден сатып жатыр. Сондай-ақ, ет 2000 теңге деп көрсетілген, ал мұнда етті 2500-ден сатуда. Тағы айтарым, бұл бірінші жыл емес…

Уәде етілген бағада сатып алу үшін әкімдіктің өкілімен қол ұстасып жүруің керек. Тіпті, 1 санатты жұмыртқаның 10 данасы – 370, екінші санат 250 деп жазылған. Бұлар бәрін жаппай 37 теңгеден сатып жатыр. Сонда да алдық. Дүкеннен арзан болған соң, – деп өз ойын ашып айтты Алена Талғатқызы.

Елдің бәріне ұнау мүмкін емес, әрине. Кейін сұрастырып, екінші санаттағы жұмыртқаның жәрмеңкеге әкелінбегеніне көз жеткіздік.

Біз де жұмыртқа мен сүт сатып алуға тырыстық. Шамамен, 10-нан астам шатырды аралап шықтық. Сатушылар бізге арнайы белгіде көрсетілген бағаны айтты. Егер тырыссақ, сатушымен саудаласып, бағаны төмендете алатынымызға көз жетті. Бір келі сиыр еті – 2000 теңге, қой етінің келісі – 2100, жылқы еті – 2500 және шошқа еті 1500 теңгеден сатылды.

Мұнда тауарлар Қарағанды облысының түрлі қалалары мен аудандарынан әкелінгенін атап өткен жөн.

– Биылғы алғашқы жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 250 млн. теңге сомасына 539,1 тонна өнім жеткізген. Атап айтсақ, 52 тонна ет, 340 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 17 тонна сүт өнімі, 7 тонна балық және балық өнімі, 175 мың дана тауық жұмыртқасы бар. Қала халқы мен қонақтар өнімді нарықтан 10-15% төмен бағамен сатып алып, қыс мезгіліне азық-түлік жинай алады, – деп хабарлаған болатын облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Біз жәрмеңкені толық аралап шығып, елдің риза екенін, бағаның уәде етілгендей екенін білдік. Көкөністер де төмен бағамен сатылды. Нақтырақ айтқанда, картоп пен қызылшаның 1 келісі 100 теңге, сәбіз 90 теңгеден, пияз және қырыққабат 80 теңгеден сатылды.

Біз сөйлескен он тұрғынның сегізі бағаға риза болғандықтарын айтты. Осылайша, алғашқы жәрмеңке арзан бағасымен есте қалды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button