Қарағандыда атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады

Қарағанды облысында атаулы әлеуметтік көмек төлемдері төленуде.  Облыс аумағында үкімет тарапынан ұсынылатын жәрдемақыны  алушылар саны 4 есеге артқан. Жұмыспен қамту орталықтары мен ауылдық әкімдіктер қолдауға мұқтаж отбасылардан құжаттарды қабылдауды әлі де жалғастыруда. 
— Облыста көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету бойынша Ебласы тапсырмаларын іске асыру бағытында жұмыстар істеліп жатыр. Өңірде 1  сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек 4 160 отбасыға тағайындалды. 25 сәуірден бастап алғашқы төлемдер беріле бастады. Құжаттарды қабылдау штаттық тәртіпте, кезексіз жүріп жатыр. Комиссия өтініш берген азаматтардың үйлеріне барып, АӘК тағайындау үшін барлық шараларды қолдануда, — дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының  жетекшісі Әсем Жүніспекова. 
1  сәуірден бастап төлемақылар бойынша кеңес алуға 17 мыңға жуық адам келген. 
Еске салайық, АӘК тағайындау үшін жергілікті Жұмыспен қамту орталығына немесе аудан не болмаса ауыл әкімдігіне бару қажет. Өтінішпен қоса жеке куәлігіңізді ұсынасыз. Тұрғылықты тұру жері бойынша тіркелу тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін.