Басты тақырыпҚарағандыСпорт

Қарағанды құрметі

Қарағанды жұрты балуан бойжеткеніне құрмет көрсетуде. Кеше көліктер шеруі Рио Олимпиадасынан қола медальмен оралған жерлесіміз Эльмира СЫЗДЫҚОВАНЫ қала көшелерімен алып өтті.

Мемлекеттік Туды биік кө­терген көліктер «Шахтер» стадионының алдынан шығып, шаһар ішін аралап шықты. Эльмираның өзі сары түсті кабриолеттен орын алып, қошемет танытқан жұртшылыққа алғысын білдірді.

Көліктер шеруінен кейін Эльмира Сыздықова журналистер қауымымен кездесті.

Маған осылайша құрмет танытқан барша қарағанды­лықтарға ризамын. Өзімді шын бақытты сезініп отырмын, – деді кездесуде Эльмира.

Баспасөз мәслихатына Эльмирамен бірге облыс әкімінің орынбасары Марғұлан Кәрібеков, жеке бапкері Владислав Сутормин қатысты.

Рио Олимпиадасындағы ес­теліктермен бөліскен бойжет­кен допингқа қатысты қада­ғалаудың қатаң болғанын айтады. Эльмираның өзіне жеке бір бақылаушы бекітіліп, ол, тіпті, белдесулер арасындағы үзілістерде де жанынан шықпапты. Бұл, әрине, спортшының жүйке жүйесіне үлкен салмақ түсірері сөзсіз. Алайда, Эльмира өзіне жүктелген жауапкершілікті айқын сезініп, жеңіске қол жеткізе білді.

Эльмира – Қарағандыдағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат түлегі. Әйелдер күресінен ҚР халықаралық санаттағы спорт шебері, 2011 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2012 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы, 2014 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2015 және 2016 жылғы Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері. Бүгінде атал­ған жүлделер тізіміне Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атағы және қосылды.

Эльмира Қарағандыға он жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан қоныс аударған. Кеншілер шаһарына көшуіне ағасы, осындағы Олимпиадалық резерв балалар мен жасөсіпірімдер мектебінің директоры Райымбек Сыздықов себепкер болыпты.

Қарағанды облысы атынан Олимпиадаға аттанған балуан қыз өміріндегі бұл өзгерісіне өкінбейтіндігін айтуда. Шахтерлер шаһарында шыңдалып, білекті спортшы ретінде қалыптасыпты. Жеке бапкері Владислав Суторминнің қол астында біраз биіктерді бағындырып үлгерген.

Естеріңізге сала кетейік, Эльмира ширек финалда ресейлік Наталья Воробьевадан ұтылып қалғаннан кейін қола медаль үшін болған белдесуде мысырлық Энас Мұстафаны тізе бүктірген еді. Ал, осы 69 келі салмақта жапон Сара Досо чемпион атанып, Воробьева күміс медальді иеленді.

Қарағандылық балуан бойжеткенге деген ықылас-пейіл легі мұнымен толастамасы анық. Билік тарапынан, бұқара тарапынан көрсетілер құрмет-қошеметтер туралы алдағы уақытта да кеңінен тоқталатын боламыз.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button