Қарағанды облысының әкімдігінде Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы айтылды

Мемлекет басшысының “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары Қарағанды облысының әкімдігінде талқыланды. Барлық бағыттар бойынша басқарма басшылары есеп берді. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар тапсырма берді.

Барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика атап өтілді. Облыс өңдеу өнеркәсібінде көшбасшылық сақтауда. Бұл секторда өңірде 845 кәсіпорын жұмыс істейді. Өндіріс көлемі тұрақты өсуде, биыл 3 трлн теңгеге қол жеткізу жоспарлануда. Биылғы жылы 11 жаңа өндіріс іске қосылады, ал 2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінде 33 инвестициялық жоба жоспарланған, оның жартысына жуығы тау-кен өнеркәсібінде.

АӨК-те өнімді қайта өңдеу үлесін арттыру міндеті тұр. Биыл 12 инвестициялық жоба іске асырылып, қымыз өндіретін жаңа кәсіпорын, үш асыл тұқымды репродуктор ашылады. Ауыл халқының табысын арттыру үшін “Ауыл Аманаты” бағдарламасын іске асыру басталды, оның шеңберінде 640-қа жуық микрокредит берілетін болады. Аграрлық ғылымды дамыту курсы қабылданды, онда серіктестер Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталық – тұқым шаруашылығы саласында және А. Христенко атындағы Қарағанды ауылшаруашылық тәжірибе станциясы – тозған жерлерді қалпына келтіруде.

IT саласын дамытуға келетін болсақ, аймақта “Террикон алқабы” хабы жұмыс істейді. Оның негізінде бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Облыста кадрларды даярлаудан бастап IT-қызметтерді экспорттауға дейінгі IT-кластер құрылғаны атап өтілді. Президент инновациялық жобаларды іске қосудың негізгі көзі венчурлік қаржыландыру болуы тиіс екенін атап өтті. Капиталы шамамен 10 млн долларды құрайтын “Terricon venture” қорын құру жоспарлануда.

Жиында минералды-шикізат базасының дамуы туралы айтылды. Облыста көмір, мыс, алтын, темір және марганец кендерінің және басқа да пайдалы қазбалардың теңгерімдік қорлары бар. Ірі компаниялар мыс-порфир, хром, түсті және асыл металдарды іздеу және барлау жұмыстарын жүргізеді. Бұл өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құруға инвестициялар тарту перспективасын ашады.

Туристік саланы дамыту маңызды бағытқа айналуда. Осы салада облыста 13 инвестициялық жоба іске асырылуда. Қолдау “Кәсіпкер” өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, туризм бойынша мөлшерлеме 3%-ға дейін төмендетілетін жаңа өңірлік кредиттеу бағдарламасы іске қосылады.

Кеңес қорытындысы бойынша Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды.

– Өңдеу өнеркәсібі салаларын дамыту бойынша жұмысты жалғастыру, жоспарланған инвестициялық жобалар мен жаңа өндірістердің уақтылы іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. Минералдық-шикізат базасын кеңейту үшін өңірге, оның ішінде геологиялық салаға инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жалғастыру. Жүйе құраушы компанияларды сатып алуда және отандық тауар өндірушілерді қолдауда елішілік құндылықты дамыту жөніндегі жұмысты күшейту, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ, энергетикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су ресурстарының тапшылығын жою, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту мәселелері, бюджеттік қатынастардың жаңа моделіне көшу және Жолдауда айтылған басқа да бағыттар бойынша міндеттер белгіленді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.