Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдай бақылауда
Қарағанды облысында вирустық инфекциялардың таралуын болдырмауға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда. Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров басқаруымен облыстық штаб жұмыс істейді. Бүгінгі жиында ағымдағы жағдай талқыланып, бірқатар шешімдер қабылданды.
Әлішер Әбдіқадыров денсаулық сақтау басқармасы мен Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздік департаменті басшыларының есептерін тыңдады. Өңірде ЖРВИ мен тұмау ауруының жай-күйі бойынша жағдай қанағаттанарлық. Коронавирустың таралуының алдын алу үшін шаралар қабылдануда.
Облыс әкімінің орынбасары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Инфекциядан қалай қорғауға болатындығын кеңінен тарату қажет. Осы тақырыптағы бейнероликтер көпшілікке жарияланады.
Алдағы уақытта облыс өзін жергілікті өндірістегі медициналық маскалармен қамтамасыз етпек. Кәсіпорынның тұрақты жұмысы үшін шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.
Сондай-ақ қоғамдық орындарды дезинфекциялау құралдарымен жабдықтау қажеттілігі атап өтілді.
Коронавирусты жұқтыру оқиғалары анықталған елдерден келген азаматтар бақылауға алынады.