Қарағанды облысында әкімдерді сайлау бойынша үш пилоттық аймақ анықталды
Қарағанды облысында Ақтоғай және Осакаров аудандарының, Приозерск қаласының әкімдерін пилоттық тәртіппен сайлау өткізу туралы шешім қабылданды. Сайлау күні – 5 қараша.
Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс, VI сессиясында депутаттар тиісті қаулылар қабылдады.
– Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын шақыруға Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлануын сынақтан өткізу қажеттігі туралы тапсырмасы негіз болды. Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қорытындысы бойынша пилоттық өңірлер ретінде депутаттық корпус Ақтоғай және Осакаров аудандарының, сондай-ақ Приозерск қаласының әкімдерін сайлауды ұсынды, – деді Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Қобжанов.
«ҚР сайлау туралы» Заңға сәйкес 5 қарашада пилоттық өңірлерде сайлау өткізу ұсынылды.
Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов дайындық жұмыстары басталатынын хабарлады. Оның айтуынша, сайлау келесі аптада жоспарланған. Осыдан кейін сайлау науқаны басталады: кандидаттарды ұсыну, тіркеу және т. б.
Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына қажетті көмек көрсететінін атап өтті.
Депутаттар қоғамды демократияландыру бойынша реформалардың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі таңда саяси процестерді дамытуға өңірлік деңгейде баса назар аударылып отырғаны қуантады. Егер бұрын әкімдерді жанама құқық негізінде мәслихат депутаттары таңдаған болса, енді тұрғындардың өздері сайлайтын болады. Бұл құқықты алғаш рет Приозерск, Ақтоғай және Осакаров аудандарының тұрғындары пайдаланады. Өйткені, жергілікті халық өз өңірін дамытуға мүдделі және қажеттіліктерді жақсы біледі, – деп түсіндірді облыстық мәслихат депутаты Сейфул-Мәлік Қазитов.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі