Қарағанды облысында арнайы комиссия су басқан үйлерді тексеруге кірісті
Қарағанды облысының ең көп зардап шеккен Шет ауданында арнайы комиссия жұмысын бастады. Арнайы комиссия барлық су басқан үйлерді қарап шығып, зерттеп, өтемақы үшін залалдың көлемін белгілейді.
– Құрметті тұрғындар, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу бойынша арнайы комиссия жұмысын бастағанын хабарлаймыз. Аралау жұмыстары жүргізіледі. Ешкім қиындықта жалғыз қалмайды, – деді аудан әкімдігі.
Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетіле бастады.
– Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аудандағы Ақсу және Қайрақты ауылдарының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, тұрғындарға азық-түлік, киім-кешек және балаларға жөргектер ұсынылды. Мұндай көмек түрлері алдағы күндері басқа елді мекендерде де жалғасатын болады, — деді аудан әкімдігі.
Аудан билігі тұрғындарға барлық сұрақтар бойынша 8 (71031) 21-5-09, 21-3-04 телефондарына қоңырау шалуға болатынын еске салды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz
Видео: облыстық ТЖД