Бас тақырып

Су тасқыны: тас жолдарға келген залал көп

Аймақтағы су тасқыны толастағанымен, тас жолдардың жағдайы мәз емес. Қар суының салдарынан төрт жол учаскесінің жол жамылғысын шайып кеткен.

Ақтоғай ауданы, облыстық маңызы бар «Ақтоғай-Нұркен» автожолының 57 шақырымында еріген қар суы үлкен көлемде болған. Салдарынан жол жамылғысын шайып кеткен (ені 6 м, тереңдігі 2 м). Кешеден бастап автокөліктерге осы учаскеде айналма жол арқылы өту қамтамасыз етілді.

Суреттер мен видео: облыстық ТЖД-нен

Ақтоғай ауданы, Нарманбет–Қошқар ауылы тас жолының 86 шақырымында да дәл осындай жағдай орын алған. Бұл жерде Ақтайлақ өзені өз арнасынан асып, жолды шайып (ені 12 м, тереңдігі 1 м) кеткен. Енді екі елді мекенге апаратын жолдар, яғни, Қошқар ауылы мен Айыртас ауылының жолы жабық күйінде қалды. Ал, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Нұра ауданы, Балықтыкөл ауылынан «Шахтинск-Қайнар-Нұра» тас жолы да мәз емес. Су тасқынының салдарынан (ұзындығы 100 м, тереңдігі 15-20 см) тас жолдың жол жабыны шайылған. Қазіргі уақытта жол учаскесі жабық. Дегенмен, Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы арқылы өтетін айналма жол арқылы өтуге болады.

– Жергілікті маңызы бар жолдардың бірі – Шет ауданы, Нұраталды ауылы, Шопа ауылына кіреберіс жол. Бұл жерден өтетін «Шерубай-Нұра» өзені тасып (ені 300 м, тереңдігі 20 см), салдарынан Шопа ауылына апаратын жолды су басқан. Қазір бұл бағыттағы жол жабық. Бүгінде төтенше жағдайлар департаментінің «ЖҚЖ» ММК мамандары тұрғындарды келесі жолға өткізу үшін кезекшілік атқаруда. Елді мекенге төнген қауіп қатер жоқ. Ауылда азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, – деді департамент мамандары.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button