Қарағанды облысында 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Қарағанды облысында жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі. Яғни, дағдарысқа қарсы бағдарламаға 16 мыңнан астам жұмыс орнын құруды қарастыратын 600-ден астам жоба енгізілді. Аймақта жаңа нысандар салып, ескілерін жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, коммуналдық саланың сапасын жақсарту көзделген. Бір сөзбен айтқанда, қосымша жұмыс күшіне сұраныс артады. Жұмыспен қамту орталықтары қазірдің өзінде ниет білдірушілерді қабылдай бастады.
Селекторлық режимде өткен аппарат кеңесінде Жол картасын іске асыру, жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.
– Дағдарысқа қарсы шаралар аясында салалық министрліктермен инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру жөніндегі Жол картасына енгізу үшін жобалар тізімі келісілді. Оған 16 106 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін, жалпы соммасы 63,7 млрд теңге болатын 625 жоба енгізілді. Осы санның жартысы жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекке жұмылдырылатын болады, – деп хабарлады Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Оның айтуынша, жол картасы бойынша 33 нысанның құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, мектептер, балабақшалар, спорт кешендері, су және жылумен қамтамасыз ету желілері және басқа нысандар салу. Сонымен қатар, әлеуметтік саланың 458 нысаны, ТКШ және инженерлік-көлік инфрақұрылымы жөнделетін болады. Тағы 134 жоба қалалар мен кенттерді абаттандыруға қатысты.
Жалпы, облыста Жұмыспен қамтудың жол картасы 140 елді мекенді қамтиды. Мәселен, Сәтпаев қаласында оқушылар сарайы мен балабақша, Жезқазғанда жаңа мектеп салынады, Нұра және Жаңаарқа аудандарында жаңа бассейндер пайда болады. Саранға және бес ауылға жаңа су құбырлары тартылады. Қарағандыда «Панель-центр» ықшам ауданындағы екі жедел жәрдем қосалқы станциясының, жылу желісінің құрылысы, екі жаңа автожол салу жоспарланған.
Инфрақұрылымдық жобаларға шығатын жұмысшылар 85 мың теңге (2 ЕТЖ) көлемінде көтерме жәрдемақы алады.
Жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздар қатарынан тізімдерді қалыптастырады. Салалық басқарманың мәліметтері бойынша, 4 000-нан астам адам инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Әр түрлі мамандықтар: бетоншылар, тас қалаушы, плитка салушылар, электриктер, дәнекерлеушілер, бульдозеристер, электр монтаждаушылар, токарь, сылақшы-сырлаушылар және т. б.
– Аталмыш бағдарламаның негізгі міндеті – жұмыс орындарын ашу. Екіншісі – инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар, жергілікті бизнеске үлкен қолдау көрсетіледі. Себебі ТЖ жағдайында тек қарағандылық компаниялар ғана осы жобаларды жүзеге асыратын болады, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Аймақ басшысы осы аптаның соңына дейін жұмысқа тез кірісу үшін барлық конкурстық рәсімдерді аяқтауды және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіруді тапсырды.