Бас тақырып

«Қарағанды көктемі» шақырады!

«Қарағанды – қара өлеңнің қағбасы» деген сөз бар ел арасында. Арқадан түлеп ұшып, қазақ поэзиясының қыранына айналып жатқан тегеу­рінді таланттар мен кеншілер шаһарын думанға бөлеп жатқан дүбірлі шаралар бұл сөзге дәлел бола алады. Ал, 21-22 сәуір күндері Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен, қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкеннің жетекшілігімен өткелі отырған халықаралық «Қарағанды көктемі» атты поэзия фестивалінің жөні бөлек. Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын Жанат Жаңқашұлы мен ақын Асхат Қажытайдың идеясын Алаштың аймаңдай ақыны Серік Ақсұңқарұлы бастаған әдеби орта қоғадай жапырыла қолдап, осы ауқымды шараны алаулатып өткізгелі отыр.

21 сәуірде таңертең фестивальдің ашылу салтанаты мен аймақтардағы әдеби ахуал хақында келелі мәселелер ортаға тасталатын дөңгелек үстел Достық үйінде өтеді. Түстен кейін ҚарЛаг саяси-тұтқындар лагерінің мұражайына экскурсия жасалып, мұнда жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етілмек.

Ал, кешке Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайында дүркіреп поэзия кеші өтіп, қазақ һәм түрік жұртының белгілі ақындары арқырап өлең оқып, дүлдүл әншілер әуелете ән шырқайды.

Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Ekber Qoşalı (Azirbaizhan), Yılmaz Okuklu (Türkiye), Selim Yuhay (Türkiye), Хосият Рустамова (Өзбекстан), Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан, Шаһизада Әбдікәрімов, Сұраған Рахметұлы, Ғазиз Ештанаев, Серік Елікбай, Бауыржан Бабажанұлы, Маралтай Райымбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бағдат Мүбәрак, Танакөз Толқынқызы, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова, Ербол Алшынбай, Айжан Тәбәрік, Мирас Асан сынды ауыздығымен алысқан алапат ақындар бар.

Ал, 22 сәуірде Қарағандыдағы «Қасым үйіне» экскурсия жасалып, жас ақындарды екі секцияға бөліп, дәріс оқылады және арасынан өлеңдерінің бәсі биік деген екі ақын таңдалады. ҚарУ-дың ректоры, меценат Нұрлан Дулатбеков­тің қолдауымен таңдалған екі ақынның кітабі жарыққа шығады.

Осы айтулы шара қарсаңында Қарағандыға ат шалдырғалы отырған ақындардан қонақ кәде ұсынғалы отырмыз. Мархабат!

Редакциядан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button