Руханият

«Қарағанды көктемі» поэзия фестивалі басталды

Қарағандыдағы «Достық» үйінде талантты жастардың басын қосып, бүгінгі әдебиеттің бағытын талқылау мақсатында қолға алынған «Қарағанды көктемі» поэзия фестивалі басталды. Облыс әкімдігі мен Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен екінші мәрте өткізіліп отырған фестиваль биыл екі күнге созылмақ. Шараның ашылу салтананда облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізді.

Сурет пен видео: ұйымдастырушылардан

Ерлан Қариннің құттықтау хатында:

– Қазақ қашанда сөз өнерін жоғары бағалаған. Біз – «Өлең – сөздің патшасы, сөз – сарасы» деп, жыр қадірін жете түсінген елміз. Руханиятымыздың алтын қазығы іспетті жыраулар дәстүрін, сондай-ақ, ұлы Абайдан бастау алатын әдебиет алыптарының дара жолын бүгінгі ақындарымыз лайықты жалғастырып келеді.

Мәдениетіміздің өресін кеңейтіп, оны барынша дамыту – мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі. Осы орайда, шығармашыл зиялы қауым өкілдері ерекше рөл атқарады.

Бұл фестиваль ақындардың аға буыны мен жас толқынның арасындағы рухани сабақтастықты сақтауға және төл әдебиетімізді жан-жақты насихаттауға зор үлес қосады деп сенемін, – делінген.

Фестивальде Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Сұраған Рахмет, Қасымхан Бегман, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай, Маралтай Райымбек, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әсербек және басқа да елге танымал ақындар бас қосты.

– Қарағандының ақындарына алғысым шексіз! Екінші жыл қатарынан қаламгерлердің басын қосып отыр. Осындағы филиалдың директоры, ақын Жанат Жаңқашұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Фестивальде бүгінгі қазақ поэзиясының біршама мәселесі көтеріледі. Мұндай шара ақындарға ауадай қажет. Одақ төрағасы Мереке Құлкеновтың ыстық сәлемін қабыл алыңыздар, – деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button