Руханият

Қарағанды – елге  индустриалдық жүрек, рухани тірек

Жас, тәуелсіз мемлекет Қазақстан – орда бұзар отызда, қарт Қарағанды – сексеннің жетеуінде. Күні кеше Қарағанды шаһар мәртебесін алғанына 87 жыл толды. Осы жылдарда талай тарих жазылды.  Бұйырса, санаулы жылдан соң 100-ге жетпек. Бүгінінің өзі  –  бір ғасырға жуық кезең.  Осы уақытқа дейін бұл қала  қоғамның бірнеше формациясын көрді. Эволюциядағы  тірі ағзаға тән барлық өзгерісті басынан өткерді. Онда кез келген шаһардың талай-тағдырына тән  түлеу мен түрлену, тоқтау   мен тоқырау, өрлеу мен өзгеру бар. Тарихтың тұма басына ден қойсақ, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында  көмірі арқылы елдің ірі өндірісті аймағы  атану үшін қуатын аямапты. Тоқырауға тап келген  тоқсаныншы жылдары демін ішіне тартып,  қат-қабат қиындықтарға шыдас берді.  Жаңа ғасыр келгенде ескіні лақтырып тастаған жоқ. Инновацияға сүйене дәстүрді жалғады. Сонда халық «Қарағанды – елдің индустриалдық жүрегі мен тірегі» десті. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында Қарағанды өзгеше  түлеуге бет бұрды. Енді өндірістер  ғана емес, әдеби-мәдени құндылықтар тоғысты. Сонымен руханияты толысты. Бара-бара Рухани орталыққа айналды  деседі жұрт. Қалай дегенмен де, қарт Қарағанды жас Қазақстанның қашанда тілеуін тілеген тілекшісі еді… 

Қарағандыны бүгінде облыс тұрғынының 36 пайыздан астамы  мекен етсе керек. Бұл санға шаққанда, 500 мыңнан асып жығылатын адам. Яғни, осынша  адам тағдырында Қарағандының орны – ерен. Алматы – бас қала, Нұр-Сұлтан – арман қала, ендеше, Қарағанды – дархан қала. Бұлай деуге оның алып жатқан аумағы да, алыптығы да, бауырына жиған материалдық һәм рухани байлығы да негіз беретін секілді. 

 Әлбетте, Қарағандының дәстүрлі кәсібі  – өнеркәсіп.  Қарағанды Қарағанды болғалы, өндірісті өзегіне балаған. Бұл өзегінен  Қарағандыны  аумалы-төкпелі кез де ажырата алмады. Сол кездегі елдегі үшінші ірі қаланың арқалаған жүгін уақыттың желі шайқады. Бірақ  қанша шайқаса да, аударып тастауға шамасы жетпеді. Оны мойындауға тиіспіз. Рас, кібіртіктеу кездесті. «Қайтпек керек?» деген шақшадай басты шарадай қылған ауыр күндер өтті. Дегенмен,  біржола кідіріс болған жоқ. Оны айтуға тиіспіз. Көмірлі шаһар уақытпен санасу қажеттігін бірден түсінді. Қоғамның алуан формациясы қойған ультиматумдарды батыл қабылдады. Оған жауап та бере бастады. Осы күні  қалада 750 кәсіпорын бар. Олардың әрқайсысының қала экономикасында үлесі зор. Статистика  2020 жылы өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 447,4 млрд. теңгені құрағанын айтады.  Қазіргі уақытта қала бюджетінің кірісі – қомақты.  Ірі және орта кәсіпорындары қазынаның қамбасын ортайтып көрген жоқ әзірге.

Өндірістің жұрт өзегін талдырмайтынын білген шаһар рухани аштықтың да алдын алуға тырысты. Рухани аштық  тоқырауға бастайтынын біледі. Сол білгендіктен  бүгінде Қарағандының бір басында үш театры бар. Орыс драма театры, одан соң  Сәкен атындағы «көкем театры» (Серік Ақсұңқарұлы), музыкалық академтеатры бар. Бұл үштіктің ел ішінде ғана емес, халықаралық сахнада бәсі – жоғары. Шетелге жиі шығатын гастрольдері соның айғағы. Мәдениеттің мәйегі, бір емес бірнеше өнерді бойына жиған театр – қазақ даласында сол кербез һәм паң қалпында өріс жайып келеді.

Руахниаттағы, берідегі  ең бір айшықты жоба – «Сарыарқа» 100 томдығын қалайша атамауға арымыз барады? Өзге аймақта жоқ жоба-тын. Қарағанды төсінен шыққан таланттарының туындыларын жинап-теріп, тасқа басқан игілікті шаруа-тын. Мұны руханиятқа қосылған үлес емес деп кім айтады? 

Қазақтың ұлы тұлғаларын төрге шығару ісі де осы тәуелсіздік жылдарында дүркін-дүркін жүзеге асты. Академик Қаныш Сәтбаевқа, данагөй Бұқар жырау бабамызға, Қаз дауысты Қазыбек биге  еңселі ескерткіштердің қойылуы –  Қарағанды руханиатындағы  айтулы оқиға.

Тізімдей берсек, руханиятқа реңк берген игі шара аз емес. Беріде көптеген ұлыстың мәдениеті мен әдебиетіне құрмет пен демеудің көрінісіндей «Достық» үйі бой көтерді емес пе? Соның арқасында, Қарағандыдағы өзге ұлт пен ұлыс өзінің түп тұқиянына үңіліп, ұрпағына салтын-дәстүрін, мәдениетін дәріптеп келеді.

Одан кейін де қазақ киносын көрерменімен  қауыштырып отырған «Сарыжайлау» кинотеатры ше?  Қазақ фильмдері мен тұрғындар арасында көпірге айналған «сарыжайлау» сонысымен құнды елге.

Қарағандыда республикалық һәм халықаралық деңгейдегі әдеби, мәдени шаралардың ұйымдастырылуы – кеншілер мекенінің Руханиат орталығы екенін көрсетсе керек-ті. Айталық, республикалық деңгейдегі дәстүрлі Қасым оқулары, Жұмабек Тәшенов атындағы жазба ақындардың жыл сайынғы байқауы, Ақселеу Сейдімбек атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің дәстүрлі, әдеби-шағармашылық байқауы   – осының бір парасы ғана. «Жыр-жауһар»  поэзия клубы сынды әдеибетке зор үлес қосып жүрген шығармашылық орта мен ұйымдардан да кемдік көрмейді. Бүгінде осындай әдеби ортадан жарып шыққан Мирас Асан, Жанат Жаңқаш, Жәнібек Әлиман секілді жас ақындар қазақ поэзиясының жаңа қабырғасын қалап жатыр.

Мұның сыртында қарағандылық авторлардың шығармаларымен таныстыру үшін «Әдебиет аялдамалары» қаланың әдебиетке көзқарасын көрсетеді.  Бұл да, жұртты елең еткізгенін атап өткен жөн.

Бұған қоса, идеологиялық-моральдық тұрғыда ескірген елді мекен, көшел атауының өзгеруі, оған қазақтың тарихи тұлғаларының есімдерінің, я атауларының берілгенін ел де көшелілік деп біледі.

Мәселен, тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың дерегінше, ономастика бағытында жаңа заңнамалық талаптар қолданысқа енген соңғы 7 жылда облыс көлемінде 21 елді мекеннің, 731 құрамдас бөліктің, 44 мекеменің атаулары өзгертілген көрінеді. Соның нәтижесінде идеологиялық негізде есккірген 65 әкімшілік аумақтық бірліктер 50-ге дейін кеміген. Құрамдас бөліктерде 858-ден 471-ге азайған. Соның ішінде,Қарағанды қаласының бірқатар көшелеріне, сонымен қатар білім беру және мәдениет ұйымдарына Абай, әл-Фараби, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов секілді ұлы тұлғаларымыздың есімдері берілді.

Атап айтқанда, бұдан былай  Қарағанды қаласындағы № 102 мектеп-гимназиясы – Әл-Фараби № 92 гимназиясына – Сәкен Сейфулин, №38 гимназиясы – Қаныш Сәтбаев, №77 мектеп-балабақша кешені – Бауыржан Момышұлы, №58 жалпы білім беретін мектеп – Нұркен Әбдіровтың, № 103 мектеп-лицейіне – Әлімхан Ермеков есімін зор мақтанмен  алып жүреді.

Шаһарда бірден он көшенің атауы өзгергені аян. Олардың қайсыбірі қоғам қайраткелерінің есімін алды. Мәселен, қарағандылықтар Ленин көшесін – Абай Құнанбайұлы, Приканальная көшесін – Сарыарқа, Кривогуз көшесін – Қасым Аманжолов, қазіргі Қасым Аманжолов көшесін – Балқантау, Защитная көшесін – Григорий Потанин, Зональная көшесін – Александр Затаевич, Олимпийская көшесін – Нарманбет Төлепов, Волочаевская көшесін – Камали Дүйсенбек, Кувская көшесін – Қазыбек Нұржанов, қазіргі Қазыбек Нұржанов көшесін – Мерей көшесі деп атап жүр. Елбасы ұсынған, ұлттық сананы жаңғырту және жаңартудың ұлттық идеясына айналған  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  септігі бұл.

Расында, бұл жоба – қоғамға жаңа мәдени серпін әкелді деген сөздің жаны бар. Бұл бағдарлама көзқарасты түбегейлі өзегіртіп,түпсанада төңкеріс жасап жатыр.

Осылайша Қарағанды рухани – жұтаңдықтан ада. Демек, жаны -сау. Ал, тәні ше? Бұл орайда Қарағандының өзге аймақтарды шаң қаптыратынын да айтудың өзі – артық. Дәл осы топырақтан небір дүлдүл спортшы шыққаны әмбеге аян. Басында Геннадий Головкин. Ал, соңы – шексіз. Бұл – Гена мен шексіздіктің арасында – Абылайхан Жүсіпов, Жансай Смағұлов, Эльмира Сыздықова, Бейімбет Қанжанов және да тағы да басқа жүздеген спортшы ұл-қыздар тұр. Ал, хан сарайына пара-пар спрот сарайлары  көрген көзді сүйіндіреді емес пе?

Елбасы Қарағандыға бір сапарында «Өндірісі өрлеген, рухы төрлеген өңір» деген еді.  Қарағанды Елбасының сол сөзінің  шындық екенін дәлелдеп келеді.

Шынымен де, Қарағанды – елге индустриалдық жүрек һәм рухани тірек. 

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Back to top button