Жаңалықтар

Қарағанды дастарханы – Елордада

Қарағанды аймағының тауар өндірушілері Елордамен несібесін бөлісті. Нұр-Сұлтанда өткен жәрмеңкеге керуендетіп, кернейлетіп жеткен қарағандылықтар алты жүз тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдерін ұсынды. Сексеннен астам тауар өндіруші астаналықтардың алдына адал асын тосты. Бұл жәрмеңкеден облыстың тоғыз ауданы қалыс қалған жоқ. Бұдан бөлек, облыстағы төрт шаһардың кәсіпорындары да осы арадан табылды.

– Жәрмеңкеге қарағандылық тауар өндірушілер 600 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізді. Яғни, сексеннен астам тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынып отыр. Атап айтқанда, 100 тоннадан астам ет өнімдері, 360 тоннадай картоп, 360 мың жұмыртқа, 15 тонна сүт және сүт өнімдері, 5 тонна балық және тағы басқа тауарлар бар, – деді облыстың ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Жәрмеңкеге қойылған тауарлардың бағасы базардағыдан 10-15 пайызға арзан.

Қарағандылықтар астанаға биылдыққа екінші рет жәрмеңкемен келді. Астаналықтардың мұндай жәрмеңкеге асыға келетіні рас. Нұр-Сұлтан қаласы инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бескемпірованың айтуынша, өңірлік жәрмеңкелердің әлеумет үшін мәні зор.

Аймақтар тарапынан ұйымдастырылатын жәрмеңкелер үлкен маңызға ие. Тұрғындар асыға күтетіні рас. Өйткені, олардың қалаған өнімдерін тауар өндірушіден тікелей сатып алуға мүмкіндігі бар. Күзгі жиын-терімнен соң аймақтар өз өңірлерінде өндірілетін тауарларын тарту етеді. Атырау балығын, Шығыс Қазақстан балын әкелсе, Қарағанды ет пен картоп жеткізетінін біледі халық, – дейді ол.

Екі күнге созылған жәрмеңке аясында қарағандылық өнерпаздар елордалықтарға ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ, жәрмеңке аясында «Бауырсақ және қымыз» фестивалі ұйымдастырылып, халыққа тегін таратылды.

Басқа материалдар

Back to top button