Қарағанды дамуы қарқын алады

Қарағанды қаласында атқарылған жұмыстармен қа­тар, әлі де шешімін күткен мәселелер көп. Осы орайда өткен демалыс күндері шаһарды аралап көрген аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек кеше Қа­ра­ғанды қаласының он айдағы дамуы мен алдағы жоспарын талқылаған отырыс өткізді. Онда қала әкімі Нұрлан Әубәкіров ша­һардың әлеуметтік-даму көрсеткіштері мен келер жылдарға жоспары туралы баяндады. Депутаттар, қоғам белсенділері, құзырлы ұйым басшылдары қатысқан басқосуда Қарағандының бүгіні мен ертеңі таразыға тартылды.

Аймақ басшысының өткен жұмада жеке қабылдауына келген 57 адамның 33-і қарағандылықтар екенін атады Жеңіс Махмұдұлы. Олардың барлығы қаладағы проблемалар төңірегінде мәселе көтерген.

Көптеген мәселелер бар, түйіндер бар. Олардың біршамасы шешімін табуда. Қайсыбіріне қаражат – қолбайлау. Енді бірі басқаша әрекет етуді қажет етеді. Жалпы алғанда, қала дамып, өркендеп келеді. Тұрғын үй қоры да, өнеркәсіп саласы да өркен жаюда. Қала кеншілер мен металлургтердің қаласы болып қала бермек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров өткен он айда Қарағанды қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын болғанын атап өтті. Экономикада жыл басынан бері өсім 10 пайызды құрады. Он айда негізгі индикаторлар бойынша жағымды жағдай қалыптасқан. Соның ішінде, өнеркәсіптің өсімі – 102,8 пайызды құраған. Инвестиция көлемі – 109 пайыз, құрылыс жұмыстары – 113,7 пайыз шамасында. Тауар айналымы – 106 пайыз. Тұрғын үйді пайдалануға беру – 128 пайыз көлемінде. Шағын және орта бизнестің барлық көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Әлеуметтік міндеттемелер де толық көлемде іске асқан.

Өнеркәсіпте 650 кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындардың қарқын алуына Индустрияландыру картасы ықпал еткен. Карта іске қосылған кезеңнен бері Қарағандыда 36 жоба ашылып, жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны пайда болған. Бағдарламаның алғашқы бесжылдығында өнеркәсіп көлемі екі есеге артқан. Екінші кезеңде 13 жоба жоспарда. Бүгінгі таңда 7 жобаның тұсауы кесілді. Алдағы үш жылда қалада тағы 10 жобаны іске қосу көзделуде. Бұл он жобаның құны 45 млрд. теңгеден асып жығылады. Сонымен қатар, картадан тыс тағы 7 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Инвестициялық климатты жақсартуда жұмыстар жүргізілуде. Осы шаралардың нәтижесінде 2022 жылы шығарылатын өнім көлемін 500 млрд. теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Бұған қоса, құйылатын инвестиция да 200 млрд. теңгеге көбейеді деген болжам жасалуда.

Ал, қаладағы шағын және орта бизнестің үлесіне келсек, бүгінгі таңда бұл сала 50,5 пайызды иеленіп отыр. Салықтың 48,3 пайызын төлеуші – осы кәсіпкерлік саласы. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 713 жоба қолдау тауып, іске асырылды. «Еңбек» бағдарламасымен 122 шағын несие берілді. Сонымен бірге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 5 жоба қолдау тапқан.

Мемлекетттік қолдаудың барлық шараларының негізінде биылдың өзінде шағын және орта бизнес саласында 52 нысан жұмысын бастады. Бұған қоса, жыл соңына дейін тағы 10 нысан іске қосылмақ. Ал, алдағы үш жылда ірі 17 нысанды ашу – жоспарда. Сөйтіп, шағын және орта бизнестің өңір дамуындағы үлесін 70 пайызға дейін жеткізу – мақсат. Сонда кәсіпкерлікте 162 мың адам нәпақасын айыратын болады. Бұл болса, экономикалық еңбекке қабілетті қала тұрғындарының 65-тен астам пайызы. Ал, бюджетке шағын және орта бизнестен түсетін салық осылайша бір жарым есеге дейін көбеймек екен.

Қаладағы еңбекке жарамды тұрғындардың 82 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған, деректерге сүйенсек. Мұнда, әсіресе жастарға баса назар аударылып отыр. Өйткені, Қарағанды қаласындағы жастар жұмыссыздығының үлесі облыстық көрсеткіштен жоғары – 5,4 пайыз. Сондықтан, жастарды жұмыспен қамтуда шаралар қарқынды жүргізілуде. Мәселен, соңғы он айдың өзінде 9 мың жас жұмысқа орналастырылыпты. Осылайша, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 2022 жылға қарай 5 пайызға түсіру – міндет.

Құрылыс индустриясындағы басымдық тұрғын үй құрылысына берілуде. Бұл бағытта Қарағанды республикалық көрсеткіштен жоғары тұр. Дәлірек айтсақ, Қарағандыда баспана әр тұрғынға 24,9 шаршы метрден келіп отыр. Мұнымен қала шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта Елбасы көрсеткен межеден шығуды көздейді. Осыған байланысты қалада түрлі бағыттағы тұрғын үй құрылысы жандануда.

Жалпы, Қарағандыны дамытып, оның келбетіне көрік қосу үшін ілкімді жұмыстар жоспарлануда. Осыған байланысты аймақ басшысы қала әкіміне нақты тапсырмалар берді. Шешімін күткен мәселелердің қатарын атады аймақ басшысы. Атап айтқанда, аймақ басшысының назарында қаладағы қоғамдық көлік, көлік жолының жағдайы, тұрғын үймен қамту, аулалардың абаттандырылып, көшелердің жарықтандырылуы секілді көптің көкейіндегі жайттар бар. Экономикаға серпін беретін кәсіпкерліктің дамуы да назарда. Осыған байланысты аймақ басшысы қала әкіміне алдағы үш жылға кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасын дайындауды тапсырды. Қоғамдық көліктер бойынша электронды билетті енгізуді аяқтауды және кешкілік мерзімде қоғамдық көліктермен қамтылуды жүзеге асыруды міндеттеді. Қаланың сәулеттік құрылысына жауап беретіндей, сыртқы және сәулеттік безендірудің тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. «Литейщик» стадионын біртіндеп қалыпқа келтіруді қаржыландыруды қарастыру да қала әкіміне жүктелді.

Қызғалдақ АЙТЖАН