«Қарағанды қабыланының» қайраты
Жексенбіде төрткүл дүние көгілдір экранға көз тікті. «Жексенбі күні қазақстандықтарды Гена ғана ерте тұрғыза алады» деп жұрт арасында тарап кеткен әзілде айтылғандай, отандастарымыз да таң бозынан теледидар алдынан табылды. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында Геннадий ГОЛОВКИН мен мексикалық Сауль АЛЬВАРЕС жекпе-жегі өтті.
Жекпе-жекті тікелей эфирде тамашалағандар қатарында Елбасы да болды. Кездесу аяқталған соң Президент боксшыға жеделхат жолдады.
«Миллиондаған қазақстандықтар саған бір ауыздан қызу қолдау көрсетті. Сен тартысты әрі жанкешті жекпе-жекте айрықша табандылық танытып, қажымас қайрат пен асқан шеберлік көрсеттің.
Сенің кәсіпқойлығың, зор қабілетің, қол жеткізген абырой-беделің, ең бастысы – өз ісіңе шексіз адалдығың келешектегі жарқын жеңістеріңнің кепілі бола берсін», – делінген жеделхатта.
Кездесудің тең аяқталғанын баршамыз білеміз. Сондықтан, жерлесіміздің бірнеше раунд қатарынан тізгінді қолдан шығармай, басымдық танытқанын айтпай-ақ қоялық. Гена өзінің мықты боксшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Төрешілердің есебіне үңілсек… Дэйв Моретти 115-113 есебімен Гена ұтты деп ұйғарды. Аделаида Берд 118-110 көрсеткішімен Альвареске жеңіс берді. Ал, үшінші төреші Дон Трелла 114-114 ұпай қойып, қос қарсылас тең өнер көрсетті деп шешті. Сөйтіп, Головкиннің кәсіпқой бокс карьерасында алғаш рет тең нәтиже тіркелді. Ал, Альварестің карьерасында мұндай жағдай екінші рет.
Дегенмен, төрешілердің шешімі жұрт арасында күмән тудыруда. Жанкүйерлерден бөлек, бокс жұлдыздары да өздерінің пікірлерін білдіруде.
«Мен үшін Головкин – бұл жекпе-жектің айқын жеңімпазы. Альварестің кездесудің аяғына дейін шыдағаны ұнады», – деді Леннокс Льюис.
«Гена сөзсіз жеңіске жетті. P.S. Бұл, енді, спорт емес, таза бизнес. Вегаста шын мықтыны анықтау мүмкін еместігіне тағы бір мәрте көзім жетіп отыр. Кезекті қате шешім», – деді Сергей Ковалев.
Сондай-ақ, Мэнни Пакьяо, Эрисланди Лара, Конор МакГрегор, Теренс Кроуфорд және Билли Джо Сондерс сынды кәсіпқой бокс серкелері де Генаның жеңісіне шүбә келтірмеді. «Альварес жеңді» деп шешім шығарған төреші Аделаида Бердті төрешіліктен аластатуды талап етті. Кейін белгілі болғандай, Невада штатындағы Спорттық комиссияның басшысы Боб Беннетт Бердті қызметтен шеттетті.
Жекпе-жектен кейінгі сұхбатта Гена күн қылтия тақым қысқан отандастарына алғысын жеткізді. «Алға, Қазақстан! Үлкен рахмет, жігіттер!» деген чемпионның бір ауыз сөзі жанкүйер қазақты бір желпінтті. Осы жерде қазақы шапанды жамылған «Сары қазақ» өзінің жеңілмегенін ашық айтты.
Төрешілердің тең есеп тіркеуінің сырына үңіліп жатқандар да бар… «Жекпе-жек 16 қыркүйек күні өтті. Мексиканың тәуелсіздік алған күні. Яғни, ұлттық мереке. Сондықтан, ұйымдастырушыларды мексикалықтардың көңіл-күйін түсірмеуді ойлағаны анық. Альваресті «ұтылдыға» шығара алмады. Ал, «Альварес жеңді» деудің тағы қисыны келмеді. Өйткені, Генаның №1 болып өнер көрсеткеніне жаһан жұрты куә», – дейді кейбір сарапшылар.
Генаның келесі жекпе-жегі қашан өтетіні анықталды. Промоутер Том Леффлердің айтуынша, желтоқсан айында жерлесіміз британдық Билли Джо Сондерспен немесе пуэрторикалық Мигель Коттомен жұдырық түйістіруі бек мүмкін. Ал, Альвареспен болатын қарымта кездесу алдағы уақыттың еншісінде.
Нұрқанат ҚАНАФИН