Бас тақырыпКөкейкесті

Қарағандыға тарихи-зерттеу институты қажет пе?

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында өткен мәслихатта академик Ханкелді ӘБЖАНОВ бастаған тарихшы ғалымдар Қарағандыда тарихи-зерттеу институтын ашу жөнінде ұсыныс айтты. Сондағы көптеген ғалымдардың пікірі қазақтың тарихи жадын қалпына келтірумен айналысатын тарихи-зерттеу институты ашылуы керек деген ортақ мүддеге тоғысқандай еді. Бүгін сол «айтылған сөз – атылған оқтың» діттеген жеріне жеткен-жетпегенін бағамдамақпыз. Әрине, санаулы ғана уақыт өтті. Десек те, айтылған пікірлер баянды бола ма? Бұл туралы қарағандылық ғалымдар не дейді?

Жазықсыз жапа шеккен тарихи тұлғаларымыздың адами болмысын терең зерттеп, жас ұрпаққа үлгі ету үшін тарихи-зерттеу институты өте қажеттігін аймақтағы тарихшы ғалымдар да құптайды. – Бұл жайлы үлкен әңгіме қозғалды. Қарағанды – қуғын-сүргіннің «астанасы» болған. Сондықтан, қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысатын институт керек Қарағандыға. Мынадай қиын кезде ашыла қоюы қиын. Ашса, Қарағанды университеті базасынан ашу керек. Себебі, бізде «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы бар. Сол орталық негізінде ақтау һәм зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады. Бір жағы – Спасск, бір жағы – Қарлаг, екінші жағы – Жезқазған лагері, Сұрыптау – қуғын көргендерді жан-жаққа жіберген жер.

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға Президент Жарлығымен құрылған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Тарихи-зерттеу институтын ашу республикалық деңгейде қолға алынбаса, облыстың шамасы келмейді. Егер, ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков бұл идеяны қолдаса, институт ашылуы да мүмкін, – дейді «Тұлғатану» орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова.

25 мың қазақ интеллегенциясының атылуы – қасірет. Әдебиетшілер, саясаткерлер, ғалымдар, өнер адамдары. Осы тұлғаларды жекелеп зерттеп, өмірлерінен арнайы сериямен кітаптар шығару қажет деп біледі ғалымдар.

Бақтан, тақтан, қызметтен бас тартып, халқының болашағын ойлаған тұлғалық қасиеттері бүгінгі жастар мен биліктегі жас буынға жетпей жатыр. Соны оқыта отырып, тәрбиелеу керек. Серияға бөліп, қысқа-нұсқа етіп шығарып, электрондық нұсқасын тез тарататын орталық болса, «Тұлға» деген арнайы басылымы жарық көріп, соның ішінде тұлғалардың керемет адами қасиеттерін жариялауға болар еді. Тек білім туралы емес, адами қасиеттер туралы да көп айтқан олар. Әлихан Бөкейхан «Қазақтың жақсылары, егер сендер адассаңдар, соңындағылар да адасады» деген. Неден адаспаңдар дейді? Көрсоқырлықтан, ашкөздіктен, байлыққа құмарлықтан сақтандырып, ұрпақтың ұсақталмауын ойлаған. Бүгінгі тәрбиеде сол жетіспейді, – деп толықтырды сөзін Нұрсахан Ахметқызы.

Дерекке сүйенсек, шет елдерде мұндай орталықтар көп екен. Бізде әлі толық жолға қойылмаған. Сондықтан, институт керек.

– Бұл мәселе көтерілгенде мен де болғанмын. Өте дұрыс, әрі қажет. Бірақ, пандемияға байланысты тоқтап тұрған сыңайлы. Тіпті, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтауға құрылған жұмыс топтарының өзіне қаржы төлеу мәселесі белгісіз болып тұр. Десек те, азаматтық парызымыз болған соң, жұмысты жалғастыра береміз. Мүмкін бұл мәселені ҚарУ-дың өз қаржысына әзірге шағын қылып ашу керек шығар. Өйткені, іргелі институт ашуға көп қаржы және мықты мамандар керек. Бұл – өте өзекті мәселе, – дейді тарихшы, археолог Темірғали Аршабеков.

– Бұл – әзірге жоғарғы мемлекеттік органдар деңгейінде талқылануда. Сондықтан, бір шешімге келмеген дүние хақында бірдеңе деу қиын. Егер, ашылса, тарихи жадымызды қалпына кетіруге жұмыс істеуі керек, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Зәуреш Сақтағанова.

Байқасақ, ғалымдар құптап отыр. Арқа жерінің тағдырлы тарихы керемет негіздеме жазып, институт ашуға сұранып тұр.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button