Қарқаралы

Қарқаралыда – балықшылар бәсекесі

Мезгілмен санаспай көл жағалағандардың қарасы көп. Балықшылар көл басына сайман сауытын арқалап сабылуда. Өңменнен өтетін өршеленген желге қарамастан сақадай сай сайланған балықшылар Үлкенкөлдің басында өтетін турнирге жиналған. Ұйымдастырушы – жеке кәсіпкер Жігер КӘРІМҰЛЫ. Ауданда мұндай кең көлемдегі қайырымдылық турнирі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты, қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайтындығын, ең бастысы – әр адамның ниетінің түзу, көңілінің шынайы екендігін көрсету.

Аталмыш шараға облыс және ауданнан арнайы келген 67 балықшы қатысты. Балықшыларға бірдей көлемде балықтың азығы таратылып, реттік жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары жан-жақты түсіндірілді. Әрі арнайы орын белгіленіп, төрешілер де бекітіліп берілді. Шатырлары мен мұзбұрғы, орындықтарын асынған балықшылар белгіленген орындарына жайғасты. Бірнеше сағат бойы мұз үстінде отырған балықшылар барын салды. Әкесімен бірге еріп келген балаларда кәнігі балықшыдай төзімділік танытты.

Тұңғыш рет туы желбіреген шараны аудан әкімі Халел Мақсұтов арнайы келіп, өзі қорытындылады. Қайырымдылық турниріне келіп, атсалысып жатқан ағайынға алғысын білдірді. Қайырымдылық шарасын ұйымдастырған Жігер мен әрі оған ұйымшылыдықпен атсалысқан балықшы азаматтарға ризашылығын жеткізіп, сыннан сүрінбей өткен жеңімпаздарды марапаттады. «Ең жас қатысушы» номинациясын қарқаралылық 9 жастағы Ілияс Ашманов, «Тәжірибелі балықшы» номинациясын қарағайлылық Батырхан Қалиев, «Ең үлкен балық» номинациясын Қарағайлы кентінен келген Жасымбек Кәрімов иеленді. Ал, жүлделі орындарға Қарағанды және Теміртау қалаларынан келген Ольга Коровикова, Юрий Пупышев, Юрий Видергольд табан тіреді. Сондай-ақ, алыс ауыл Аппаздан арнайы келген Кәмилшат Тілегеновке «Алтын балық» дүкенінен сауда жасауға сертификат берілді.

Жалпы, аудандағы көлдерге иелік етіп, экологиялық ахуалына жауап беріп жүрген кәсіпкер Мәруа Қанапьянованың еңбегі ерекше. Бұл жолы да кәсіпкер өзінің жомарттығын көрсетіп, көл басында турнирді тегін өткізуге рұқсатын берді. Аудан басшысы кәсіпкердің еселі еңбегін айта келе Алғыс хат тапсырды. Өз кезегінде кәсіпкер жүлделі орын алған жеңімпаздарға бір жыл, алты ай және үш ай тегін балық аулауға мүмкіндік беретіндігін айтып өтті.

Қайырымдылық аясында ұйымдастырылған турнирде мүгедек балаларға арнайы көмек беру мақсатында қаражат та жиналды. Әркім шама-шарқынша көмек көрсетті. «Алтын балық» дүкенінің иесі Жігер Кәрімұлы жиналған қаражатқа азық-түлік алып, мүгедек балалары бар отбасыларына таратып берді. Ал, жиналған балық көпбалалы отбасыларына бұйырды. Жігер алдағы уақытта да қайырымдылық шарасының жалғасатындығын, аз қамтылған отбасыларына алдағы күндері отынмен қамтамасыз ететіндігін айтты.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button