Бас тақырып

Арқаның аяулысы

Сарыарқа топырағында мәдениет пен өнердің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан екі адам болса, бірі – Рымбала Омарбекова, ал жалғыз болса, ол – Рымбала апай! Арқа жұртшылығына жанкешті еңбегімен ел игілігі жолында тер төгудің, патриотизмнің асқан үлгісін көрсетті. Бар саналы ғұмырын өнердің өркендеуіне арнаған Рымбала Кенжебалақызының 80 жылдық мерейтойын халқы дүбірлетіп атап өтті. Ел ішінің бейресми «Қарағандының мәдениет министрі» деп атауының өзінде осындай зор мән бар, білгенге. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекованы 80 жасқа толған мерейлі мерекесіне орай облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қабылдап, құттықтады. Қарағандының қаймағы бас қосқан жиынның соңы облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұловтың қатысуымен Сәкен Сейфуллин атындағы облыс­тық академиялық қазақ драма театрында өткен мерекелік кешке ұласты.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Қарқаралы ауданының, Қарағанды қаласының және Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбековаға қандай құрмет көрсетілсе де, жарасады. Өйткені, мұндай өз ісіне адал жандар некен-саяқ. Ол әлі күнге өңірдегі жалғыз мемлекеттік «Сарыжайлау» кинотеатрына басшылық етіп, қазақы фильмдердің насихатталуына, төл мәдениеттің кең қанат жаюына сүбелі үлес қосып жүр.

Рымбала Омарбекова мемлекеттік қызметке 40 жылдан астам уақыт өмірін арнаған аяулы жан. Оның ішінде, 19 жыл облыстық мәдениет басқармасына басшылық жасап, Арқа жұртының абыройын асқақтатты. Еңбегіне сай бұл салада қол жеткізген марапаты баршылық. Оның бәрі халықтың шынайы алғысы һәм ыстық ықыласымен берілген. 

– Рымбала Омарбекова өңірдің мәдени және әлеуметтік саласын дамытуға көп күш пен уақытын жұмсаған жан. Сіз біздің өлкеміз үшін, бүкіл республика үшін көп еңбек сіңірдіңіз. Сіздің арқаңызда сақталып қалған және одан әрі дамыған мәдениет нысандарын тізімдеу ұзақ уақытқа созылады. Олардың қатарында Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы, Сәкен Сейфуллин атындағы театр және Қарағанды Кеншілер мәдениет сарайы бар. Әріптестеріңіздің атынан, бүкіл облыс тұрғындарының атынан ерен еңбегіңіз үшін алғыс айтамын. Мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын, отбасыңызға зор денсаулық пен амандық тілеймін, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Ел тәуелсіздігінің нығаюы жылдарында Рымбала Омарбекова ауылдардағы кітап­ханалар мен клубтарды сақтағанын айрықша атап айту керек. Оның басшылығымен Республикада алғаш рет ауылдық кітапхана қызметкерлерінің форумы, содан кейін ауыл мәдениет қызметкерлерінің форумы өткізілген. Рымбала Кенжебалақызы – Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрін құрудың, Теміртауда балалар мен жасөспірімдерге арналған театр ашудың, жыл сайынғы облыстық фестивальдар өткізудің бастамашысы. 

«Апайдың жұмысындағы ең басты жетістіктері – қазақстандықтарды ағартуға, олардың мәдениетін арттыруға және Отанға деген сүйіспеншілікті оятуға деген ұмтылысы» дейді әріптестері.

– Шәкірттеріңіз еліміздің түрлі аймағында абыроймен жұмыс істеп жатыр. Сіздің барлық жұмысыңыз бен өміріңіз – өскелең ұрпақ үшін үлгі. Мәдениет жолындағы жауапты жұмысыңызды бағалаған әріптестеріңіз Сізді «Өнердің Ұлпаны, Арқа маралы» деп атады. Бұл – еңбегіңізге берілген жоғары баға. Бүгінгі күнге дейін ұлттық өнерді, мәдени мұраны және рухани құндылықтарды дәріптеп келесіз, шығармашыл жандарды қолдайсыз. Бұл – керемет, – деп атап өтті Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков. 

Ал, Сәкен театрындағы мерекелік кеш басында көрермен назарына «Руханияттың Ұлпаны» деректі фильмі ұсынылды. «SARYARQA» телеарнасы түсірген туындының авторы – Қазақстанның Құрметті журналисі Сағат Батырхан. Фильмде Рымбала Кенжебалақызының бала күнінен бастап, қазіргі шағына дейінгі жүріп өткен өнегелі өмір жолы қамтылған. Онда Тоқтар Әубәкіров, Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева, Рүстем Әбдірашев сынды өнер тұлғаларының ыстық лебізі бар.

Рымбала Кенжебалақызына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың, Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хаты табысталды.

Бұдан бөлек, дүбірлі кеште Сәкен театрының актерлері бастаған облыс аумағындағы өнер ұжымдары кеш көрігін қыздырды. Әуелете ән шырқалды, арнау өлеңдер оқылды. Қойылымдардан үзінді сахналап, күмбірлете күй төкті. Мың бұрала би билеп, классикалық музыканың жауһарлары ұсынылды. Кітап және сурет көрмелері қойылып, кейіпкердің тұтас болмысын паш етті. Бұл дүбірлі кеш бүкіл Сарыарқаға сән-салтанат сыйлағандай. Арқа жұрты апайды алақанға салып, құрмет көрсетті.

Біздің жүрегімізде «Руханияттың Ұлпаны» фильміндегі Рымбала Омарбекованың мына сөздері жатталып қалды:

«Самырсын иісі аңқыған ну орманға келсем, қалың ойға шомамын. Бақытты балалық күндерім көз алдымда тұра қалады. Анау тұрған, бізге құтты мекен болған, Кімасардағы орманшының көк үйі. Әне-міне есік ашылып, әкем Кенжебала мен анам Айтбану шыға келетіндей көрінеді. Соңымдағы сегіз қырдың астындағы сүрлеулі соқпаққа қарасам, кісі ақысын жеген жерім жоқ екен. Мектептегі мұғалімдік жолым қысқа болғанымен, өмір мен өнердегі ұстаздық жолым айтулы болғандай. Руханият үшін, ұлт мәдениеті үшін талай майданға түсуге тура келді. Тәуба, нәтижесіз болған жоқ. Бүгінде мәдениет пен өнер өлкесінде атқарылған қаншама шаруа ел игілігіне айналды. Қасиетті Қарқаралыма, қазыналы Қарағандыма, қара орман халқыма мың алғыс айтамын».

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button