Бас тақырып

Арқа жұрты азаматын ардақтады

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Дүйсен Қасейіновті арнайы қабылдап, 75 жылдық мерейтойы­мен құттықтады. Дүйсен Құрабайұлы Арқа жеріне «Достарым – менің байлығым» музыкалық фестивалін өткізуге келген.

Облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы көрнекті өнер қайраткерінің педагог қана емес, әлемдік мәдениетті жетік білетін дарынды дипломат екенін атап өтті.

– Еліміздің мәдениетін дамытуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Сіз еңбек жо­лыңызды Қарағандыда бастап, өңі­ріміздің мәдениетін дамытуға ба­ға жетпес үлес қостыңыз. Сіздің арқаңызда біздің әртістер Америка, Қытай, Ресей, Германия, Франция, Италия, Иран, Ирак сынды мәдениеті терең мемлекеттерге гастрольдік сапармен барды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. 

«Достарым – менің байлығым» музыкалық мерекесі – халықаралық мәртебеге ие. Биыл өнерсүйер қауымның алдында Әзербайжан, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан солистері өнер көрсетпек. Оларды Еркеғали Рахмадиев атындағы Академиялық симфониялық оркестр сүйемелдейді.

– «Достарым – менің байлығым» фестивалінің ерекшелігі – көрермендер алдында еліміз бен жерімізге құрметі бөлек жақын достарым өнер көрсетеді. Қай жерде болсам да, қандай қызмет істесем де, Қарағанды – әрқашан менің жүрегімде, – дейді Дүйсен Қасейінов. 

Мерейтой иесі туралы достары да жылы лебізін білдірді. Олардың айтуынша, Дүйсен Қасейінов – өнердің шекарасын жоятын танымы терең жан.

– Дүйсен Құрабайұлын 15 жылдан бері білемін. Біз онымен фестивальде кездейсоқ таныстық. Ол – өнердің нағыз білгірі. Қай жерде болса да, әрқашан өз елін керемет сипаттайды. Оның арқасында біз Қарағандыға, қарағандылық әріптестерімізге ғашық болдық. Олар – қазақ өнерінің сарбаздары. «Елді білу үшін оның өнерін білу керек» деп бекер айтылмаған, – дейді Әзербайжанның еңбек сіңірген әртісі Роза Зергерли. 

Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button