Бас тақырып

«Ананың көңілі – балада…»

«…Адам болар ұлыңды,
Жолдасынан танисың.
Батыр болар балаңды,
Тұлғасынан танисың.
Жақсы болар балаңды,
Ел қасынан танисың.
Ырысты болар балаңды
Мал баққаннан танисың».

Бұл – Жетісу ән мектебінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбаевтың «Танисың» термесі. Терме жазылғалы қазақтың баласы да, балатану танымы да өзге де танымы секілді көп өзгерді.

1990 жылдардың басында АҚШ социологтары Уильям Штраус пен Нил Хоуви әлеуметтану саласына жаңаша түсінік әкелді «Y ұрпақ, Z ұрпақ, Альфа ұрпақ» деген ұғымдарды негіздемек болды. Жаңа ұрпақ келе жатыр деп адамзат буынын латын қарпімен белгіледі.

Ашық дереккөздерде көп талқыланып жүрген бұл тұжырымға сенсек, қазіргі балалар «Z» ұрпаққа жатады. Ал 2010 жылдан бері дүниеге келген балдырғандар «Альфа» ұрпаққа жатады екен. Біраз жылдан бері бала тәрбиесі тақырыбын зерттеп жүрген педагог Елжас Ертайұлының айтуынша, «Z», «Альфа» буындарының ең басты ерекшелігі – өте сезімтал екен. Педагог «Ақтөбе» газетіне берген сұхбатында: «Бала кезімізді еске түсірейікші, әке-шешеміз ұрысып, айқайласа да, олардың сөзін жүрекке ауыр қабылдамай, ойнап кететін едік. Бір жылап алып, ренішті лезде ұмытатынбыз. Қазіргі балаға қабақ шытсаңыз, көзі жасаурап шыға келеді… Бүгінгі ұрпаққа «Біз осындай болып едік», «Біздің кезімізде ондай емес еді…» деп мақтанудың қажеті де жоқ. Біз – басқа буынның өкіліміз, балаларымыз – басқа буын. Сол себепті, соңғы буындағы ерекшеліктерді ескере отырып, олармен тиімді қарым-қатынас орнатуымыз керек», – дейді.

Шындығында да, бүгінгі әр ата-ана баласымен әңгімелескен соң бала тәрбиесіндегі бұрынғы әдіс-тәсілдің ескіргеніне көз жеткізеді. Қазіргі бала үшін ата-ана культ емес, ата-ана да бұрынғы әке-шешедей көреген бола алмай қалды. Десе де, бұлардың әрқайсысы заман ағымына қарай дәурені дұрыс деп тапқан жолмен жүріп келеді. Тіпті, кей тұста ата-анаға бала жол сілтей алатынын да көріп жүрміз. Бұл өз кезегінде ата-ананың заман талабына ілесуді біртіндеп үйреніп келе жатқанын аңғартса керек.

Қазақ арасында бала жайлы Абай Құнанбайұлының «Адамның бір қызығы – бала деген» сөзі жиі айтылады. Қазіргі қоғамның беталысы, дүниетанымның өзгеруі бала адамның бір қызығы ғана емес, ата-ананы заман талабына сай өзгерте алатын, ұрпақ алмасу процесінде тозған тәсілдерден бас тартып, жаңа, озық тәсілді игеруге жетелейтін риясыз, мөлдір жаратылыс иесі екенін алға тартып отыр. Баласы заманға, ата-ана баласына икемделіп, дәуір көші жаймен жылжып барады.

Назым ДҮТБАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button