Тұлға

Анамдай болған асылым еді

   Қорғалжын жақта ән-сапарында жүріп, Алматыдан қаралы хабар естідім. Ұстазым, қазақ әнінің бәйтерегі Жүсіпбек Елебековтің асыл жары – Хабиба анамыз дүние салыпты. Теңселіп кеттім. Төбемнен жай түскендей күй кешіп. Көз алдымда дүние дөңгеленіп, санамда ескі күндердің елесі жаңғыра кетті.

…Сонау 70-ші жылдар. Жүсекеңнің шәкіртіміз. Жарықтық Тұрсынғазы марқұм екеумізді қатты жақсы көрді. Сабақтан соң үйіне алып барады. Көбіне ашқұрсақ жүреміз. Өйткені, Жүсекең: «Көмекейлеріңді май басып кетеді» деп, артық тамақ ішкізбейтін. Әйтеуір, үйіне барғанымызда Хабиба шешеміз бар дәмдісін алдымызға тосып, анамыздай құрақ ұшады. «Жүсекең айта береді. Ашқұрсақ адам ән айта ала ма?! Тойып алыңдар», – деп, Жүсекеңе көрсетіп – бір, көрсетпей – бір тамақтандыратын жарықтық. Ал, Жүсекең марқұм Хабиба шешемізге қарсы дау айта алмай, балаша бүгежіктеуші еді.

Екеуі де қазақ руханиятының алтын шынарлары еді ғой. Араларындағы жарасым мен сыйластық, адалдық пен адамгершілік бізге өмірлік өнеге болды.

Аракідік үйге жалғыз келген Жүсекеңе:

Ғалым мен Тұрсынғазы қайда? Неге ертіп келмедің? Қарындары ашатын болды-ау, – деп, бізді іздейтін көрінеді. Ертесіне, сабақ бітісімен:

Ал, үйге жүріңдер! Сендерді алып бармасам, шешелерің мені кіргізбейді, – деуші еді Жүсекең.

Міне, осындай жайсаң жандардың ортамыздан мәңгіге алыстауы, әсіресе, шапағатын көрген біз үшін – орны толмас қайғы. Балаларымен туған бауырымыздай араластық. Естайы – менімен құрдас.

…Араға біршама жыл салып, былтыр үйіне іздеп бардым. Жасы ұлғайған адам ғой, танымай қалатын шығар деп едім. Олай болмады. Бірден:

Е, Ғалымбысың? Жезқазған, Ұлытауың аман ба? – деп, бірден шүйіркелесе кетті. Ұзақ әңгімелестік. Жүсекеңді еске алдық. Жанарына жас үйірді. Аттанарда қимай қоштасып: «Жүсекеңді сағынып жүрмін. Өзіңді көріп, Жүсекеңді көргендей марқайып қалдым-ау» деді. Бұл біздің соңғы жүздесуіміз еді.

Қайран, асылым-ай! Ғасыр жасасаңыз да, қазаққа керек едіңіз-ау!

Қош! Бақұл бол, анамдай болған асылым! Жүсекеңе сәлем айтыңыз! Сапарда жүріп, жаназаңызға қатыса алмадым… Қабіріңізге салған бір уыс топырағым – осы жазба. Қабыл алғайсыз…

Ғалым МҰХАМЕДИН,

ҚР Еңбек сіңірген әртісі,

Жүсіпбек ЕЛЕБЕКОВТІҢ шәкірті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button