Бас тақырып

Ана мен бала өлімі азайып келеді

Ана мен баланың денсаулығы, олардың амандығы елдің старатегиялық міндеттерінің бірі ретінде жиі айтылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық саласына көңіл бөлуді тапсырғанда ана мен баланың амандығын қамтамасыз етуді де айтады. Сондықтан, бұл бағыт еліміздің мемлекеттік даму бағдарламалары мен тұжырымдамаларының өзегіне айналады. Атап айтқанда, халықтың репродуктивті әлеуетін сақтау, аналар арасындағы аурушаңдық пен өлім-жітім деңгейін төмендету маңызды бағыт болып қала береді.

Коллажды жасаған А.Рақымжан

Жүктіліктің өзіндік жүктемесі

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде қазір 10 миллионнан астам әйел тұрады. Оның ішінде, 4,7 миллионы – бала көтеретін жаста. Яғни, олардың әрқайсының денсаулығы мемлекет үшін маңызды деген сөз.

Соңғы 10 жылда республикада балалар саны 34%-ға өскен. Жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Жалпы, елімізде 240 перзентхана бар. Оның 57%-ы қалалық жерлерде орналасқан. Ал, акушерлік салада 9,4 мыңнан астам маман еңбек етеді. Маманның жетіспеушілігі әлі де байқалады. Қазақстан бойынша кадр тапшылығы шамамен 700 адамды құраса, облыста сондай көп емес. Себебі, аймақта жас мамандарды жұмысқа ынталандырудың шаралары қолға алынған.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл салада бірқатар нақты істерді жүзеге асыруда. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарын ескере отырып, акушерлік қызметте диагностика мен емдеудің 18 басым клиникалық хаттамасы бекітілген.

Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету және перинатальды ультрадыбыстық скрининг пен медициналық-генетикалық скринингті ұйымдастыру стандарттары жетілдірілді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 8 мыңнан астам әйел жүкті ретінде тіркеліп, 4 мың отбасында 5 мыңға жуық көптен күткен сәби дүние есігін ашты. Экстрагениталды патологияны анықтау және жүктілікке дейінгі денсаулықты жақсарту мақсатында фертильді жастағы әйелдерді тексеру алгоритмі әзірленгенін де баса айту керек. Ал, аймақта да ана мен бала денсаулығын қорғау, 5 жасқа дейінгі балаларды бақылау бағдарламалары, репродуктивті денсаулықты және отбасын жоспарлауды сақтау және нығайту бағдарламалары жүргізіліп жатыр. Облыстың алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға патронаждың әмбебап прогрессивті моделі жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта Қазақстанда босанғанға дейінгі күтіммен қамту айтарлықтай жоғары. Бұрынғыдай жергілікті емханада тіркелмеген жүкті әйелдердің қатары сиреген. Министрлік ұсынған дерекке сүйенсек, әйелдердің 99,2%-ы жүктілік кезінде кем дегенде бір рет дәрігердің бақылауынан өткен. Біздің аймақта бұл көрсеткіш – 90 пайызды құрайды.

Алдын ала тексерілу – маңызды

Бұл ретте ерте скринингтің маңызы артып келе жатқанын ерекше айту керек. Облыста 12 аптаға дейінгі әйелдерді скрининг­пен ерте қамту 90%-ды құрады. Мамандардың айтуынша, тексерілгендердің арасында 5-6%-да ғана патология анықталады.

– Патологияның себебі өмір сүру салтына, экологияға, тұтынатын тағамына байланысты. Газды сусындардың зияны туралы қанша айтылса да, үлкен де, кіші де соны ішеді. Біз жүкті әйелдерге барлық ультрадыбыстық скрининг түрлерін ұсынамыз. Былтыр жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке тұрғандар саны 15 232 болды. Оның 7%-да зерттеулерден кейін генетикалық хромосомалық патология анықталды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында есепте 3 702 әйел тұр, – деді отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық орталығы жетекшісі Ирина Копобаева.

Орталық басшысы жүкті әйелдерге арналған республикалық «Бір күндік клиника» жобасының басталғанын айтты. Қарағанды өңірі де – осы жоба енгізілуі тиіс жеті аймақтың бірі.

Жалпы, сала мамандары жүкті әйелдердің емханаға есепке барынша ерте тұрғаны жақсы екенін айтады.

– Қазір жүктіліктің 10-12 аптасында есепке ала береміз, – дейді №1 отбасылық денсаулық орталығы аға медбикесі Зулял Абашова. – Бұл қауіп факторларын ертерек анықтауға мүмкіндік береді. Болашақ ана бірден патронажға алынады. Оның аясында ананың денсаулығын ғана емес, үй жағдайын, отбасы жағдайын, баланы дүниеге әкелуге ниеті негізге алынады. Қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметкердің, психологтың көмегін ұсынамыз. Біздің мақсатымыз – өмірге сау баланың келуіне жағдай жасау. Қазір болашақ ата-ана медициналық көмек алуға көбірек мүдделі. Барлық тәуекелдерді түсініп, мәселеге дұрыс қарай алады. Бұл қызмет босанғаннан кейін де жалғасады.

Заманауи патронаждық қызмет жас ата-аналар мен олардың балалары алдында тұрған негізгі мәселелерді шешеді. Мамандардың айтуынша, бұл кезде босанғаннан кейінгі депрессия, әртүрлі себептерге байланысты стреске төзімділік, дұрыс тамақтану, ынталандырушы және қауіпсіз орта, ата-ананың тәрбиесі, денсаулық, даму, оқу қабілетіне қатысты көмектер ұсынылады. Бұл модельді Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ алғашқы медициналық-санитариялық көмектің заманауи сапа талаптары ретінде ұсынады.

Бағдарлама Зулял Оразалықызының айтуынша, 15-49 жас аралығындағы барлық қыз-келіншектерді қамтиды.

– Ерте жүктіліктен сақтану, болашақ аналардың денсаулығы, жалпы әйел адамның жағдайы жан-жақты қаралады. Арнайы скринингтер ұйымдастырылады. Осындай шаралардың арқасында ана мен бала арасында өлім-жітім азайып келеді, – дейді ол.

Ерте скрининг ананың да, құрсақтағы шарананың да денсаулығын зерделеп, қандай да бір ауытқулар болса, анықтап, дер уақытында шара қолдануға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дерек бойынша ту біткен аурулардың себебінен балалардың 32,5%-ы мүгедек болып қалады. Мемлекет үшін балалар мүгедектігінің алдын алу ерекше мәнге ие.

Сурет esquire.kz

Жаңа аппарат – жаңа мүмкіндік

Мәселен, былтырдан бері №1 облыстық перинатальдық орталықта ретинальды портативті камера қолданылып келеді. Бұл камера шала туған балалардың көзіндегі ақауды анықтауға мүмкіндік береді.

– Камера барлығын экранға шығарып береді. Сау көз бен аталған диагнозы анықталған көзді салыстырып қарап, қажет болғанда сәбидің ата-анасына көрсете аламыз. Бұл керек ем-домды уақытылы қолдануға мүмкіндік береді. Аппарат қойылғаннан бері 150 баланың көзі тексерілді. Оның 25-інде ретинопатия анықталды. Оның ішінде, үш сәбиде аурудың агрессивті түрі анықталды. Өткен аптада ғана сол сәбидің біреуінің көзіне операция жасадық, – дейді облыстық клиникалық аурухананың офтальмолог дәрігері Гүлім­ай Баймұханова.

Заманауи диагностикалық жабдық «Аяла» қайырымдылық қорының демеушілігімен сатып алынды. Қазірдің өзінде шала туылған нәрестелердің көзі көрмей қалудан сақтауға көмектесуде. Себебі, шала туған нәрестелердің ретинопатиясы ертерек ота жасамаса, су қараңғылыққа алып келетін кесел. Облыста жыл сайын 23 мыңнан астам бала дүниеге келсе, соның 1300-ден астамы шала туады. Мұндай балалардың 40%-ына ретинопатия диагнозы қойылады екен.

Қайырымдылық қоры 2011 жылдан бері Қарағанды облысындағы медициналық орталықтарға көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде қор 96,5 миллион теңгеден астам қаражатқа облыстағы үш емдеу мекемесін – облыстық клиникалық аурухананың №1 перинатальдық орталығын, Теміртау қаласының балалар ауруханасы мен осы қаладағы Ана мен бала орталығын реанимациялық-диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

Ана мен бала денсаулығын сақтап, өлім-жітімді азайту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Тұжырымдамадан күтеріміз мол

Ел Үкіметі былтыр 2024-2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел, әрбір бала» тұжырымдамасын қабылдады. Ол ана мен бала денсаулығы саласында саламатты өмір салтын қалыптастыру және халықтың репродуктивті әлеуетін сақтау, қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инновациялық емдеу әдістерін әзірлеу, балалардың денсаулығына, жетілуіне және дамуына кешенді көзқарасты қамтамасыз ету бағыттарын қамтиды. Бұл ретте ана денсаулығы, балалардың денсау­лығын қорғау және жасөспірімдердің денсаулығы жеке назарға алынады.

Тұжырымдамада қамтылған ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін дамытудың қағидаттарын, тәсілдері мен пайымдау­ларын іске асыру арқасында күтілетін нәтиже мол. Ана өлімін 100 мың адамға шаққанда 13-ке дейін төмендету (2022 жылы бұл көрсеткіш 17 болған. Нәрес­те өлімін 1000 тірі туған балаға шаққанда 6,9-ға дейін төмендету. Былтырғы дерек бойынша бұл – 7,68. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы жалпы сырқаттанушылықты да төмендету күтіледі.

Осыдан 2-3 жыл бұрын ана мен бала өлімінің жағдайлары жиі тіркеліп, қоғамда көп айтылды. Сол кезде оған Президент те назар аударды. «Өкінішке қарай, ана мен бала өлімі өсіп отыр. Мен перинатальды қызмет көрсетуді тексеруді тапсырдым. Көптеген орталықтар халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Сондықтан, шұғыл шаралар қолдану қажет», – деді. Дер шағында қолға алынған шаралардың нәтижесінде ана мен бала өлімі елімізде 3,2 есе төмендеді деген дерек бар. Басты стратегиялық көрсеткіш үшін мемлекет барын салады.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button