Қамданған қапы қалмайды
Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кезекті бейнеселектр режиміндегі аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде көктемгі су тасқыны мәселесі, білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шаралары туралы ауқымды үш мәселе қаралды.
«Ең басты міндет – адам шығынын болдырмау»
«Қырдағы ел мен ойдағы елді қинап тұрған көктемгі қызыл су мәселесі туралы» – аймақ басшысы осылай деді. Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысы су басқан ауылдарды өз көзімен көріп, аралап шыққан болатын. Аппарат мәжілісінен кейін де Садовое және Чкалов ауылдарына атбасын бұратынын айтты.
Бұл ретте, елді әбігерге салған еріген қар мен тасыған су жағдайы туралы облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев баяндама жасаған еді. Оның айтуынша, 25-30 наурыз аралығындағы күндізгі және түнгі мерзімдердегі ауа райының күрт жылынуы мен жауыншашын салдары қардың екпіндеп еруіне, ол өз кезегінде қызыл су мен өзендегі су деңгейінің артуына әкеліп соқты. Өңірдегі азаматтық қорғаудың негізгі күші Шет, Бұқар жырау және Жаңаарқа аудандарындағы жағдайды қалыпқа келтіруге жұмсалды. Жергілікті атқарушы билік өкілдері азаматтық қорғау қызметімен біріге отырып жедел арада тиісті шаралар кешенін атқарды.
Яғни, суды бұру және елді мекендерді қорғау үшін 3700 метр қорғамалы үйме топырақ бөгеттері тұрғызылып, 3100 метр айналма арналар жасалды. Топырақ толтырылған 24820 дана қап төселіп, өзендерде 13 мәрте мұз жару жұмысы жүргізілді. Су басу қаупі бар аумақтарда су арналарының, гидротехникалық құрылыстардың, қар қорының жағдайын бағдарлау мақсатында төңіректі аралап ұшып шығу жұмысы атқарылды. Сапар барысында негізгі өзен арналарында мұз басу мен мұз кептелісі жоғы, қар төсемінің аумағы 80%-ға қысқарғаны анықталды. Күш пен тиісті құралжабдықтарды аудандарға көшіру шаралары – қалыптасқан жағдайға жедел әрекет ету мүмкіндігін берді. Тұрғындарды ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыс жасалып, бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылуда.
Қазіргі таңда өңірдегі негізгі өзендердегі су деңгейі – әлі де болса жоғары. Су қоймасынан су жіберу – судың келу көлемімен теңдестірілуде. Мәселен, «Самарқанд» су қоймасына секундына 710 текше метр су келген болса, су жіберу көлемі секундына 610 текше метрді құрап отыр. Резервте – 60 млн. текше метр су бар.
Бұл ретте, «Шерубай-Нұра» су қоймасында судың келуі мен су жіберу көлемі секундына 256 текше метр болса, «Ынтымақ» су қоймасы судың келуі мен су жіберу көлемі секундына 100 текше метрге жетті. Айта кетейік, Қызылқой және Көктіңкөлі ауылдарында жағдай тұрақтанды.
Өз кезегінде, аймақ басшысы аппарат мәжілісіне бейнеселектр режимінде қатысып отырған аудан әкімдерінен де жергілікті жердегі су басу мәселесі туралы сұрады. Мәселен, Шет ауданына қарасты Шопа ауылына барар жолды биыл да су шайып кетті. Аудан әкімінің айтуынша, 35 үй бар ауыл маңынан өтетін Шерубай Нұра өзенінің көктемгі ағынына төтеп беретін көпір салу үшін 1 млрд. теңге қажет.
Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновың айтуынша, кейінгі екі аптада өңірдегі 20 жол учаскесінде қозғалыс шектелді. Бүгінде 4 бағытта жол жабық. Яғни, Ақтоғай-Нұркен бағытындағы 5-ші шақырымда, Шахан-Новодолинка-Молодецкая бағытындағы 23-29-шы шақырымда, Теміртау-Чкалов бағытындағы 3-ші шақырымда және Астана-Қорғалжын-Баршын бағытындағы 2-ші шақырымда автокөлік қозғалысы тоқтатылды. Қажетті техника мен адам саны жұмылдырылуда. Киевка түбіндегі 104-ші шақырымда, Жаңаарқа ауданына кіре берістегі 758-771 шақырымдарда әлі де болсын жол үстін су жүріп өтуде. Сондай-ақ, Көктіңкөлі ауылына барар жол жабық. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, көпір құрылысы басталды. Су деңгейі төмендегеннен кейін автокөлік жүріп өте алатындай айналма жол салынбақ.
– Тиісті комиссия құрылып, су басқан үйлер мен аулаларға келген зиянның орнын толтыруды қолға алуымыз қажет. Тағы да қайталап айтамын, шығынның орны толуы тиіс. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жалғастыру да маңызды. Бұл ретте, облыстың төтенше жағдайлар департаменті, қала және аудан әкімдері, полиция департаменті мен жергілікті полиция сынды мүдделі органдар үнемі дайындық режимінде болуы тиіс. Техника және адам ресурсын қадағалау міндеті тұр. Өңірдегі жағдай – өте күрделі. Ең басты міндет – адам шығынын болдырмау, – деді Ерлан Жақанұлы.
Осы күні жағдай – облыстағы тасқынға қарсы штабтың ерекше бақылауында. Басаяғы 57 мың текше метрден астам су сорылып, 950 тонна инертті материал пайдаланылды. 38863 адамды қамтыған 193 жиын өткізіліп, 126 рейд ұйымдастырылды. Су тасқыны кезіндегі іс-әрекеттер бойынша халыққа 20486 жадынама таратылды. Су қоймаларынан жіберілетін су көлемі де ерекше бақылауға алынған. Негізгі күш – Бұқар жырау ауданына қарасты Садовое және Чкалов ауылдарына жұмылдырылуда.
Инклюзивті білімге бір қадам
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев баяндады. Оның айтуынша, өңірде аталған мемлекеттік бағдарламаның барлық бағыты орындалды. Бағдарламаны 2016-2018 жылдар аралығында жүзеге асыруға 68,2 млрд. теңге бөлінді. Биылға – 37,1 млрд. теңге қарастырылуда.
Сөйтіп, алдағы күні облыста 15 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылмақ. Бүгінгі таңда 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі біліммен 100% қамтылды. Бұған мемлекеттік және жеке меншік ұйымдар желісін кеңейту есебінен қол жеткізілді. Олардың үлесі үш жылда 5%-дан 11,6%-ға дейін артты.
Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің саны да артып отыр. Өсім 49%-дан 55,1%-ға дейін артты. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды толық қамту мақсатында арнайы ұйымдар ашу жоспарлануда. Өткен жылы Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларында 3 психологиялық-педагогикалық оңалту кабинеті ашылды. Биыл облыс орталығында 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесі, Қарағанды және Теміртау қалаларында 2 оңалту орталығы, Абай және Бұқар Жырау аудандарында 2 оңалту кабинеті және Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында «Болашақ» корпоративтік қорының көмегімен 4 инклюзивті қолдау кабинетін ашу жоспарлануда.
Қосымша білім берумен қамту 63%-дан 79,5%-ға дейін артып, республикалық көрсеткіштен 4%-ға жоғары екені белгілі болып отыр.
Облыста 14-24 жас аралығындағы жастардың 18,5%-ы техникалық және кәсіптік біліммен қамтылды. Бұл – жоспарлы республикалық көрсеткіштен 17,5%-ға жоғары.
Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту өңірде 95,6%- ды құраса, республиканың жоспарлы көрсеткіші – 94%. Бұл ретте, дуальді оқыту жүйесін енгізетін колледждер саны 40-тан 42-ге дейін артқанын, сөйтіп, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының жалпы санының 60%-ын құрағанын айта кету қажет.
Дәрігерлерге қызметтік тұрғын үйлер берілуде
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шаралары туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев әңгімеледі. Өңірдегі бас дәрігердің баяндауынша, облыста 45 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымы жұмыс істейді. Оның 17-сі – жекеменшік. Оларда 1900-ден астам дәрігер еңбек етеді. Оның ішінде 499 жалпы тәжірибе дәрігерлері бар.
Жыл сайын медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында 7 млн.-нан астам қабылдау жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта облыстың бір учаскелік дәрігеріне орташа есеппен 2,5 мың тіркелген тұрғыннан келеді. Аталған көрсеткіш белгіленген нормативтен айтарлықтай асып түседі. Негізгі норматив – 1700 адам.
Осы жылы 142 жалпы тәжірибе дәрігерлерін тарту және 14 мың шаршы метрден астам қосымша алаңдарды пайдалануға беру арқылы амбулаториялық-емханалық қызметтің инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту бойынша 11 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Қалалар мен аудандарда дәрігер тапшылығы мәселесін шешу мақсатында мамандарға қызметтік тұрғын үй беріледі. Биыл Шахтинск, Абай, Қарағанды және Жезқазған қалаларында жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған 69 пәтердің кілтін тапсыру жоспарланып отыр.
Алған білімдерін күнделікті тәжірибеде табысты енгізетін медицина қызметкерлерінің еңбекақыларына 20% үстеме ақы төлеу басталды.
Жиын соңында аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне, департамент және басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеп, күн тәртібінде көтерілген әр мәселені жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Рауан ҚАБИДОЛДА