Бас тақырып

Аманат арқалаған дәрігерлерге алғыс

Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында сала ардагерлері марапатқа ие болды. Бар ғұмырын медицинаға арнап, дертіне шипа іздегенге дәру, жанына – арашашы бола білген аға буын өкілдері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін кеуделеріне тақты, Құрмет грамотасы, Алғыс хаттармен марапатталды.

«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» марапатын иеленгендер қатарында Жаңаарқа аудандық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Гүлнар Жаркешова да бар. Оның медицинада еңбек етіп келе жатқанына 40 жылға жуықтапты.

– Біздің міндетіміз халық денсаулығын нығайту ғой. Учаскемде 1 766 адам бар. Оның ішіне 6 жастан асқан балалар да, ересектер де кіреді. Ауруханада жөндеу жұмыстары жасалған. жаңа медициналық аппараттар алынғанын да айту керек. Мәселен, УДЗ аппараты, энцефалоскопия, КТ алынып, іске қосылды. Мұндай жағдайда еңбек ету нәтижелі. Көмектесу мүмкіндігің де, жұмыс істеуге ықыласың да артады, – Гүлнар Исатайқызы.

Оның айтуынша, халықтың тілеуі де осы – ешқайда шықпай-ақ, аудан басынан қажетті емін алу.

Аудандық мәслихат депутаты болып жүргенде халықтың айтатын өтініші осы болатын. Бүгінде қажетті ем-домды алуға мүмкіндіктің артқанын көріп отырмыз. Жаңа аппараттар қазір аудандарда да қолжетімді. Бүгінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының арқасында жас мамандар келе бастады. Біздің аурухана жыл сайын жас мамандармен толығып отырады, – дейді ол.

Салтанатты шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қалдыбек Исмаилов, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Қарағанды облысындағы филиалы төрағасы Ноян Бидайбаев құттықтау сөз сөйлеп, абзал жандарды құттықтады.

Пандемиядан кейін арқа-жарқа болып, кездесіп отырғанымыз – осы. Ол уақыттағы дәрігерлердің ерен еңбегін білесіздер. Дегенмен, дәрігер деген халыққа шағым айтатындар көп. Біздің кәсіподақтың негізгі айналысатын бағыты медицина қызметкерлерінің еңбекақысының артуы және олардың қорғалуы. Бірінші мәселе бойынша Мемлекет басшысы еңбекақының келер жылы да өсетінін айтты. Ал, екінші мәселеде біз шағым негізсіз болса, дәрігерлерімізді ақтап аламыз. Ал, егер, кінәлі болса, әлбетте, сот шешімімін жазасын алады, – деді Н.Бидайбаев.

«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалінің бірін Теміртау қаласының орталық ауруханасының хирургі Жан Фазалиев алды.

Қабылдау бөлімінде отырғандықтан, барлық науқастар әуелі бізге келеді. Одан кейін ғана басқа мамандарға жібереміз. Жұмыс қауырт, бірақ, үйренгенбіз, – деген ол жұмысқа асығып бара жатқанын айтты.

Сол күні барлығы 80-ге жуық адам, оларды қолдай келген әріптестері мен отбасы мүшелері көтеріңкі көңілмен қайтты.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button