Руханият

АМАЛҒА АМАН ЖЕТТІК, ендеше көрісіп қайтайық!

Ертең Қазақстан Наурыз мейрамын тойлай бастайды. Наурыз айының 14-і күні «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп аталады. Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын құрт, бауырсақ, ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен көмкеріп, наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады.

Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген секілді сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн. Алыста жүрген жандар қарашаңыраққа соғып, ата-анасына сәлем беріп, ағайынтуыстың үйіне бас сұғады.

«Жер аяғы кеңіді» дейді қазақ. Өйткені, алты ай қыста хабарласа алмаған халық осы уақытта ауыл-ауылдарды аралап, туғандарын, бауырларын іздейді.

«Айгүл апаңмен көрістің бе, балам?».

«Иә, апа, көрістім. Болат атама да кіріп шықтым».

Бұл осы күні өрбитін диалог.

Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Сөйтіп, арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, Көрісу күні адамдар бір-бірімен қайта табысады. Көрісу күні кіріпшықпаған жасы кіші туған-туысқан, көрші-қолаңға жасы үлкендер «Көрісіп шықпады» деп ренжіп жататыны тағы да бар. Сондықтан, бұл күні әр адам мүмкіндігі болса, бүкіл ауылдың табалдырығын аттап шығуға тырысады. Көрісіп болған әр адамға тамақ үлестіріліп, «Бір жасыңмен!» деген тілек айтылады. «Наурызға қатысты мейрамдардың, дәстүрлердің көпшілігі әлі орындалмай келеді. Бұл – этнографтардың және көп нәрсені құлаққа ілмейтін қоғамның кінәсі. Наурыздан бір апта бұрын басталатын «Көрісу» күні бар. Ертедегі жұрт бір-бірімен «Қыстан аман шықтың ба? Мал-жан аман ба? Шаруашылығың жақсы ма?» деген сарында өлеңдетіп көріскен», дейді елімізге танымал тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев.

Айта кету керек, 14 наурыз күні басталатын «Көрісу» мейрамы жыл бойы жалғасын табады. Көрісуде ауылда болмай, ауылға енді келген адамды көрген кезде, амандық-саулықтан кейін «Бір жасыңмен!» деп қол алысып жатады. Әр үйдің үлкендері оянып, дастарханын толтырып, көрісіп шығатын бала-шағаны күтіп отырады. 14 наурыз күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды. Бәрінің есігі ашық, үйі жинаулы, дастарханы мол болып тұруы керек.

Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бірбірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, Көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындап қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәттілерін үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бұл «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аманесен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден қалталарына салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Амалға аман жеттік, ендеше көрісіп қайтайық, ағайын!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button